Өңірлердегі картоп бағасы қанша?

Картоптың бағасы қашан түседі? Оңтүстік өңірлерде жаңа өнімді тонналап жинайтын маусым туса да, елде картоп әлі қымбат. 300 теңгеден түспей тұр.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Астана базарларында картоп бағасы әлі түсе қоймаған. Биылғы жаңа піскен картоптың бағасы – 450 теңге. Былтырғы Павлодардың картопы 370 теңгеден сатылып жатыр. Бағаның қашан түсетінін саудагерден сұрадық.

БАУЫРЖАН ОРАЗҚҰЛОВ, САТУШЫ:
— Жақында түседі, жаңадан келді ғой, 2-3 күнде түсіп қалады. 4-5 күннің ішінде 350-ге барып қалады. Одан әрі қарай кете береді ғой, әр жеті сайын түсе береді.

ЕРКЕ СӘТИЕВА, САТУШЫ:
— Қазір оңтүстіктің картоптары бар. Өзбекстаннан келіп жатыр. Ол 450-ден. Оңтүстікте шыққан кезде баға төмен түседі.
Шымкентте де картоп арзан емес. Бірінші сортты өнім 400 теңгеден сатылып жатыр. Өткен жылдың осындай мезгілімен салыстырғанда 50-60 теңгеге қымбат. Картоп жергілікті базарларға Түркістан облысының Сарыағаш, Қарабұлақ өңірлерінен келеді. «Көкөністің сапасы өте жақсы», — дейді саудагерлер. Ал екінші, үшінші сортты картоптың бағасы 200-300 теңгеден сатылуда.

Ақтөбеде Шымкенттің жаңа піскен картобы «Табыс» коммуналды базарында 370 теңгеге жіберіліп жатыр. Жергілікті өнім – 350, Пәкістаннан әкелінгені – 375 теңге. Супермаркетте 437 теңгеден арзан картоп таба алмайсыз.

Қызылорда базарларында картоптың келісі 280-300 теңгеге бағаланып отыр. Әлеуметтік дүкендерде арзан – келісі 200 теңгеден. Тұрақтандыру қорымен жұмыс істейтін ірі сауда үйлері мен үй жанындағы дүкендерде 250 теңге шамасында сатылып жатыр. Өскеменде былтырғы картоптың келісі — 275 теңге, жас өнім – 410 теңге. Қарағандыда – 330, Павлодарда – 350, Жезқазғанда – 360, Қостанайда – 410 теңге. Алматы қаласында – 330-340 теңге шамасында. «Қымбат, картопты қапшықтап алудан қалдық», — дейді халық.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары картоп арзандайтын күн жақын дейді. Түркістан облысында 4 мыңнан астам картоп өсіріліп, ішкі нарыққа 250-270 теңгеден жіберіліп жатыр.
НАРИМАН ІЛИЯСОВ, АШМ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Апта сайын картоп өндіріліп жатыр. Шілде айына дейін 209 мың тонна шығады. Бағасы төмендейді деп үміттеніп отырмыз. Сондай жоспар қойып жатырмыз.
Шілдеге дейін Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарына жиналатын картоп көлемі ішкі нарықты толық қамтиды деп отыр министрлік өкілі. Ол сондай-ақ, сырттан 150 мың тонна жоспарлы картоп әкелінсе, баға біраз төмендейді деген пікірде.
———————————————