Перизат Қайраттың анасы ауырып қалды

Перизат Қайраттың анасы Ғайни Алашбаева сот отырысында өзін жайсыз сезініп, сот үзіліс жариялады. Негізгі сот процесі қатарынан төртінші күн өтіп жатыр. Осы уақытқа дейін жәбірленушінің бір бөлігі жауап беріп үлгерді. «Асар-Үме» қайырымдылық қорының президенті Асхат Нұрмашев соттағы жауабында қазақстандықтар Палестина халқына жинаған 200 миллион теңгені «Biz Birgemiz» қорына өткізгенін мәлімдеді. Сонымен бірге екі ірі банк Перизат Қайраттың қорына шамамен бір миллиард теңге аударғанын айтты. Бұдан бөлек, бірқатар коммерциялық ұйымдар мен жеке тұлғалар да қайырымдылыққа ірі көлемде қаражат аударған. Қазіргі уақытта олар өз ақшаларын қайтаруды талап етіп отыр. Прокурорлардың мәліметінше, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат пен оның анасы топан судан зардап шеккендерге көмек ретінде берілген 3,5 млрд теңгені өз пайдасына жұмсаған деген күдікке ілінуде. Сот процесі жалғасуда.
———————————————