Тағы да жұртты сергелдеңге салған қаржы пирамидасы. Түркістан облысында «ҚазМұнайГаз Инвест» қаржы пирамидасы заңсыз жұмыс жүргізген. Азаматтардың сенімін теріс пайдалану арқылы алаяқтық схема құрылған. Сөйтіп, ұйымдастырушылар «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының акцияларын сатып алу арқылы мол және жылдам табыс табуға уәде берген. Күдіктілер салымшыларға әр 15 күн сайын 50 пайыз кіріс түсетінін айтып, пайдаға кенелесіңдер деп алдаған. Алайда іс жүзінде ешқандай бағалы қағаздар сатып алынбаған. Төлемдер тек жаңадан тартылған қатысушылардың қаражаты есебінен жүзеге асырылып отырған. Бастапқы салым сомасы 500 мың теңгеден басталған. Шамамен 200 дей азамат қаржы пирамидасының құрбанына айналып, 1 млрд теңгеден астам қаржысынан айырылған.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚМА РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Заңсыз жолмен алынған кірістерге күдіктілер Түркістан облысында жалпы құны 438 млн теңгеден асатын мүлік екі қымбат көлік және тұрғын үй мен коммерциялық нысан сатып алған. Бұл мүліктер ықтимал тәркілеуден жасыру мақсатында туыстарының атына рәсімделген. Сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасуда.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.