Қытайдың Сиань қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының телевизиялық фестивалінде «Жетінші арна» өз медиа жобаларын ұсынды. Халықаралық ынтымақтастыққа арналған сессияда арнаның бас директоры Илхам Ибрагим сөз сөйлеп, негізгі жобалар жайында айтып берді. Әсіресе телеарнада көрсетілген қытайлық «Менің Алтайым» телехикаясы ерекше назар аудартып, Қазақстан мен Қытай арасындағы достықты бейнелейтін бұл жоба көрермен арасында үлкен резонанс тудырды. Қытайлық тарап сериал шыққаннан кейін Алтай өңіріне келетін турист саны артқанын атап өтті. Сонымен қатар фестиваль аясында арна Қазақстанның көрікті жерлеріне арналған қысқаметражды туристік фильм топтамасын да таныстырды. Бұл жоба қытайлық медиа мен продюсерлік компаниялардың қызығушылығын тудырды. Қос тарап алдағы уақытта бірлескен қазақ-қытай телехикаясын түсіру мүмкіндігін талқылады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.