Астанада компания қызметкерлері шахмат тақтасында кездесіп, зияткерлік сайыста өзара мықтыны анықтады. Corporate Chess Cup 2025 деп аталатын турнир жеңімпазы енді Қазақстан атынан әлем чемпионатына жол тартады.
Астанада компания қызметкерлері шахмат тақтасында тартысып көрді. Corporate Chess Cup 2025 деп аталатын турнир аясында түрлі саланың маманы өз шеберліктерін сынады. Шахмат федерациясы Freedom Holding Corp ұйытқы болған жарысқа жалпы 20 команда қатысты.
МАНАП МАНАС, ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУШЫ:
— Барлығы өте мықты компаниялар. ЕрЖи және Фридом деген компанияларды қарадым. Ойыншылары өте мықты және ұнады маған.
ЖАНБОЛАТ ТӨРЕШОВ, ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУШЫ:
— Турнир өте биік деңгейде өткізіліп жатыр. Бәрі ұнап жатыр. Бұндай турнирлар өткізген негізі маңызды. Өйткені компаниялар кішкене сергіп, жұмыстан бос уақытта және бір-бірімен араласып қалады.
Турнирде Freedom Holding Corp. Басшысы әрі Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов та бақ сынады.
ТИМУР ТУРЛОВ, ҚАЗАҚСТАН ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Бапкер штабы батыл шешім қабылдап, мені бірінші тақтаға отырғызды. Яғни ең мықты қарсыласпен ойнасын деді. Әріптестерімнің маған деген сенімін жоғары бағалаймын. Десе де, өзімді кәсіби шахматшы деп айта алмаймын. Бұл жаттықтырушылардың тактикалық айласы шығар – өйткені кейде бірінші тақтаға әлсіз ойыншыны отырғызады. Себебі қарсылас команданың үздігін ешкім жеңе алмайтынын біледі.
ГҮЛМИРА ДӘУЛЕТОВА, ҚАЗАҚСТАН ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
— Біз үшін бұл – барлық компанияны біріктіретін, байланыстыратын кеңістік. Сондықтан олардың осы шахматты ойнауы біз үшін өте маңызды.
Жарыс қорытындысы бойынша ERG командасы жеңіске жетіп, 1 миллион теңгені қанжығасына байлады. Сонымен қатар олар әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Екінші орын North Caspian Operating Company)-ға бұйырса, Тимур Турлов бастаған ұжым үздік үштікті түйіндеді. Шара ұйымдастырушылардың айтуынша, еліміздегі корпоративтік әлемнің әлеуетін паш ететін мұндай турнир енді дәстүрге айналады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.