Ақтөбе облысында тағы да кәмелетке толмаған бала соққыға жығылды. Бұл жолы оқиға Хромтау қаласында болған. 14 жастағы баланы оның құрдастары ұрып, жағын сындырған. Салдарынан жәбірленуші ауруханаға түсіп, оған дәрігерлер операция жасады. Ал күдіктілер әлі жауапқа тартылмаған. Оған не себеп?
Хромтау қаласының тұрғыны Айгүл Мысинаның баласын бес адам 17 мамыр күні ұрып-соққан. Жағы сынған жәбірленушіге дәрігерлер операция жасады. Анасы полицияға арыз жазған. Алайда қылмыстық іс сол күйі ашылмапты.
ЖӘБІРЛЕНУШІ:
— Оларға менің сәлемдескенім ұнамаған сияқты. Артынша сегіз жарымға кездесу белгіледі. Біз келгенде адам көп болды. Екеуі мені соққыға жыға бастады. Әрең дегенде қашып құтылдым.
АЙСҰЛУ МЫСИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Менің арызымды кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор қабылдады. Артынша: «Сотқа жіберемін», — деді. Бірақ ол жетпеді. Арнайы комиссия мұны ұсақ бұзақылық деп санап, оларға тек айыппұл салған.
Шырылдаған ана: «Әділдік орнаса», — дейді. Кінәлілердің барлығының жауапқа тартылғанын қалайды. Ал полицейлер күдіктілердің 14 жасқа толмағанын алға тартуда.
ЕРБОЛАТ САРҚҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
— Осы оқиға бойынша Хромтау әкімшілігі жанындағы комиссияда қаралып, жасөспірімде есепке қойылды. Сонымен қатар оның ата-аналары ҚР ӘК 127-бабы кәмелетке толмаған балалардың тәрбиесіне көңіл бөлмеуі бойынша жауапкершілікке тартылатын болды.
Алайда ана мұндай шешіммен келіспей отыр. Сондықтан жәбірленуші тарап, прокуратураға арызданды. Жалпы соңғы уақытта өңірде жасөспірімдерді ұрып-соғу фактісі көбейген.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.