Қызғалдақпен суретке түскен ауыл әкімінің соты жалғасуда

Ақтөбеде қолына қызғалдақ алып суретке түскен ауыл әкімінің оқиғасы «эпопеяға» айналды. Бүгін судья бұл іс бойынша көшпелі сот отырысын өткізу туралы шешім шығарды. Сот енді гүл жұлынған жер – Мұғалжар ауданында өтеді. Алайда қызғалдақтар маусымы әлдеқашан өтіп кетті. Оның үстіне, судья атап өткендей, әкімге хаттама толтырған полиция қызметкері оқиға орнының нақты мекенжайын көрсетпеген. «Соған қарамастан, көшпелі сот өтеді», — деді судья.
Еске салайық, Құдайберген Жұбанов атындағы ауылдық округтің әкімі 35 жастағы Ләззат Бердібаева қызғалдақпен түскен фотосын WhatsApp статусына жариялағаннан кейін сот алдында жауап беріп жатыр. Ол Қызыл кітапқа енген гүлді өзі жұлмағанын, 6 және 8 жастағы қыздары сыйлағанын айтып ақталған. Осы әрекет үшін әкімге «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндетін орындамау» бабы бойынша айып тағылды. Бұған дейінгі сотта орман шаруашылығы инспекциясының маманы Қазақстанның батыс аймағында Шренк және Кауфман атты екі түрлі қызғалдақ өсетінін айтқан. Екеуі де сирек кездесетін, жойылып бара жатқан өсімдіктер санатына жатады.
АЙПАТША МУСИНА, СУДЬЯ:
— Ботаника және фитоинтродукция институтының қорытындысы негізінде Бердібаеваның балалары терген қызғалдақтарының фотосуретте сирек кездесетін немесе құрып кету қаупі төнген өсімдіктердің түріне қатысы бары анықталмаған. Хаттама толтырған лауазымды тұлға мен нақты оқиға болған жер анықталмағандықтан, көшпелі сот отырысын өткізу үшін сот отырысы кейінге қалдырылады.
———————————————