Қазақстанда «Ауыл – ел бесігі», «Қалалардың шет аймақтарын дамыту» бағдарламалары жабылуы мүмкін. Бұл қыруар қаржы жұмсалып жатқан моноқалаларға да қатысты. «Өңірлердің бюджетін реттеу, теңестіру мақсатында осындай қадам жасағалы отырмыз», — деді бүгінгі Үкімет сағатында Премьер министрдің орынбасары Серік Жұманғарин.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Елімізде 17 өңір – суввенциялық. Яғни өз шығындарын өтеу үшін республикалық бюджеттен ауқымды қаражат алып отыр екен. Мәселен, 2024 жылы аймақтарға бөлінген ақша 5 триллион теңгеден асып кеткен. Бұл соңғы 10 жылда мемлекет бюджетіне ауыз ашып отырған өңірлерге бес есе көп қаражат бөлінді деген сөз.
Депутаттар бөлінген қыруар қаржының игерілуінде көңілді күпті ететін тұстар көп. Бұны былтырғы Жоғарғы аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебінен-ақ байқауға болады. Онда қаржылық сәйкессіздік екі есе өскені көрсетілген деп отыр. Айтуларынша, бюджеттен берілген әр тиынға есеп болуға тиіс.
НҰРТАЙ СӘБИЛЯНОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Сонымен қатар даму трансферттері бойынша, яғни өңірлерге берілген әлеуметтік нысан салуға, құрылыстар салуға қаражат беріліп жатыр ғой. Осылар бойынша да мәселелер бар. Қаражат жіберіледі. Бірақ инфрақұрылымдар салынбайды. Қаражат игеріледі. Орталықта оны 100 пайыз игерілді деп көрсетеді.
«2014 жылы қабылданған «Ауыл – ел бесігі», «Қалалардың шет аймақтарын дамытуға» арналған мемлекеттік бағдарламалар күшін жоймақ. Енді мұндай жекелеген жобаларды қаржыландырудан бас тартамыз. Республикалық бюджеттен тек ел көлемінде маңызы бар нысандар мен аса қажет инфрақұрылым қаржыландырылатын болады», – деді вице-премьер.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— 2026 жылдан бастап жаңа Бюджет кодексінде жыл сайын 100 миллиард теңгеден астам кірістерді беру көзделген. Сонымен қатар жаңа Бюджет кодексіне жаңа кіріс санаты – «Арнайы түсімдер» енгізілді. Бұл санатқа жергілікті бюджетке қазіргі бар кірістермен қатар жаңа түсімдер де есепке алынады. Осылайша, 2026 жылдан бастап тұрақты кірістердің шамамен 40%-ы жергілікті бюджеттерде шоғырланады.
Вице-премьердің айтуынша, бұл – қымбат, бірақ елге әлеуметтік-экономикалық пайдасы зор жобаларды іске асыруға мүмкіндік бермек. Ал тұрғындардың күнделікті өміріне қажет нысандар жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.