Автобус апаты: 8 жасар қыз екі аяғынан айырылды

Дәрігерлер Астанада болған автобус апатынан зардап шеккен 8 жасар қыз баланың аяғын кесіп тастауға мәжбүр болды. Жол жиегіндегі діңгекке соғылған қоғамдық көлікте 15 адам зардап шеккен. Оның алтауы – бала. Қазір оқиғаның себеп-салдары анықталып жатыр.
Маусымның 2-сі кешкі сағат 10-дар шамасы. Жол бойында жүріп келе жатқан автобус кенет тарс етіп, шеттегі бағанаға соғылады. Сол уақыттағы көлік қозғалысы тегіс бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Автобустағы жолаушыларға медициналық көмек қажет болады. Бірінен соң бірі 9 бригада жедел жәрдем келіп жетеді. Ауруханаға жеткізілген 15 адамның 3-і стационарға жатқызылып, қалғандары үйлеріне жіберіледі.

ӘЙГЕРІМ АРДАҚ, ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Госпитализацияға түскен екі науқас реанимация бөлімшесінде. 1 науқастың жағдайы ауыр. Екіншісі өте ауыр жағдайда деп бағаланып отыр. Өте ауыр жағдайдағы науқас – қыз бала. Сол науқастың аяқтың астыңғы бөлігіне ампутация жасалды.
Одан басқа тағы бір науқас ауруханада, жағдайы қалыпты. Қазір оқиға орны тазартылып, бағана орнатылып жатыр.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ – ТІЛШІ:
— Жол апатында жүргізуші өзі зардап шекпеген. Автопарк өкілдерінің айтуынша, ол кәсіпорында 15 жыл жұмыс істейді. Таңертең жолға шығарда міндетті медициналық тексерістен өткен.
ЭЛЬМИРА ШӘУЛЕНОВА, ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСТЫҒЫ:
— Абайсызда адамға ауыр дене жарақатын келтіруге әкеп соққаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Автобус жүргізушісі маневр жасау кезінде көлік тізгініне ие бола алмай, ақпараттық тақтаның тірегіне соғылған. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін жан-жақты тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жүргізуші уақытша қамау абақтысына жабылды. Жолаушылар тасымалдау кәсіпорнының мәліметі бойынша, автобус зауыттан 2024 жылы шыққан. Техникалық ақауы болмаған. «Дегенмен апатқа себеп көп болуы мүмкін», — дейді үйлестірушілер. Мысалы, қазір қалада 500-ге жуық жүргізуші жетіспейді.

МӘДИ САРБАЕВ, CTS КОМПАНИЯСЫ КӨЛІК ҮЙЛЕСТІРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Бірақ кейде әртүрлі себепке байланысты интервал сақталмайды: ауа райы, жол-көлік жағдайы бар. Арнайы жолақтар бар – бұл кедергісіз жүруге мүмкіндік береді, трафикке тәуелділікті азайтып, қызмет сапасын арттырады. Көп нәрсе жүргізушілерге байланысты – олар жол ережесін қаншалықты сақтайды. Кейде осы учаскеде кешігулер, кептелістер, бірреттік жағдайлар болады.

Ал жол апатынан зардап шеккен жолаушыларға сақтандыру компаниясынан өтемақы төленуі мүмкін. Өйткені автобус жүргізушісі өзін сақтандырған болып шықты.
———————————————