Жолға бөлінген бюджет тиімсіз жұмсалып жатыр

Жол құрылысында шикілік көп. Жақында ғана Президенттен сөгіс алған көлік министрі бүгін Үкімет сағатында Сенат депутаттары алдында атқарып жатқан жұмысы туралы баяндама жасады. Биыл автокөлік жолын дамытуға 750 млрд теңге бөлінген. «Бірақ бюджет ақшасы тиімсіз жұмсалып жатыр», — деп есептейді сенаторлар.
Жоғарғы палата депутаттары елдегі жолдың жағдайына риза емес. Үкімет сағатын өткізер алдында өңірлерге барып, жолын қарап шыққан сенаторлар көлік министрі Қарабаевтың бақылауындағы салада проблема көп дейді. Депутат Әлібек Нәутиевтің пікірінше, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың сапасы нашар. Жаңадан салынып жатқан жолдарды техникалық қадағалау жұмысы әлсіз, ал дайын жолдар ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүктемесінен бір жылға жетпей бұзылып жатыр.

ӘЛІБЕК НӘУТИЕВ, СЕНАТ ДЕПУТАТЫ:
— Көлік министрлігінің мәліметінше, жергілікті жолдардың 89% қажетті нормативтік жағдайда. Алайда халықтың шағымдарын ескерсек, бұл көрсеткішке үлкен күмән бар. Барлық өңір үшін жолдарды жөндеудің бірыңғай тәсілдеріне қарамастан, облыстар бөлінісінде олардың жолдарының жай-күйінде елеулі алшақтық байқалады. Мысалы, егер Жамбыл облысында жолдардың 99% нормативтік жағдайда болса, Батыс Қазақстан облысында бұл көрсеткіш 2 есе төмен және тек 56% құрайды.

Жолының жартысы нашар Батыс Қазақстан облысының әкімі бұған қаржының аз бөлінуі себеп деді. Нариман Төреғалиев сондықтан Президенттің маңызды тапсырмасын орындай алмай отыр.

НАРИМАН ТӨРЕҒАЛИЕВ, БҚО ӘКІМІ:
— 2023-2025 жылдарға облысқа жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 66 млрд теңге қарастырылып келеді. Мемлекет басшысының жергілікті жолдардың жағдайын 2025 жылдың соңына дейін 95% жеткізу туралы тапсырмасына сәйкес, біз қазір көріп отырғанымыздай, бұл қаржы жеткіліксіз. Сондықтан тапсырманың орындалу мерзімін 2029 жылға дейін ұзартуға қол жеткіздік. Енді жерде мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін біздің облыста кем дегенде 600 шақырым жол жыл сайын жөнделуі керек.

Отандық жол құрылысында шетелдік компаниялар көбейген. Қазақстан автожолшылары қауымдастығының өкілі тендердің көп бөлігін қытайлықтар алған, отандық компаниялар дымсыз қалды дейді. Бұл жағдайға сенатор Әлішер Сатыбалдиев та алаңдаулы.

ӘЛІШЕР САТЫБАЛДИЕВ, СЕНАТ ДЕПУТАТЫ:
— Соңғы жылдары шетелдік компаниялардың саны күрт асқан. Шетелдіктер өздеріне тиісті жұмыс көлемін біздің қазақстандық компанияларға қосалқы мердігер ретінде бөліп беріп, оның құнын әрине арзандатып береді. Сол арқылы жұмыстар жүргізіліп отыр. Мұның бәрі отандық жол құрылысы компанияларының қызметіне кері әсер етіп отыр. Сіздің пікіріңізше неліктен осындай жағдай қалыптасты?

МАРАТ ҚАРАБАЕВ, КӨЛІК МИНИСТРІ:
— Өйткені халыраралық көлік дәліздерінің баршасына мемлекет кредит алған. Ол кредитті алған кезде халықаралық қаржы институттарының талаптарына сәйкес, ол конкурстық рәсімге тек қазақстандық емес, жалпы әлемнің кез келген компаниясы қатысуға құқығы бар. Олардың бір есебі бар, 100 шақырым жолды істей алатын компанияның жылдық қаржы айналымы аз дегенде 100 млн АҚШ доллары болуы керек деген. Бізде бірде-бір компания оған сәйкес келмейді.

Қарабаевтың қоластындағылар жол құрылысында қазақстандық компаниялардың үлесін арттыру үшін тендер талаптарын өзгеріп жатыр. Бұдан былай, жол салатын шетелдік консорциумның жұмыс күші мен техникасы, лицензиясы біздің елде болуы керек.
———————————————