Қостанай шаруалары жанармайға бөлінген субсидияны уақытылы алмаған

Қостанайлық диқандар көктемгі егіс науқанын әлі аяқтай алмай отыр. Мемлекеттік бағдарлама аясында бөлінетін қаржы кешіккен. Қолайсыз ауа райы да алқаптағы жағдайды қиындатып жіберген.
Толассыз жауған жаңбырдың кесірінен қостанайлық диқандар дән себу науқанын биыл кеш бастады. Топыраққа ылғал тым көп сіңген. Бұл шаруаларға қиындық тудырған. Тәжірибелі фермер – Александр Павловский егістіктің тек 10% еңсеріп үлгіргенін айтады. Көктемгі дала жұмыстарын тиісті деңгейде атқаруға тек ауа райы ғана емес, қаржының жетіспеушілігі де кедергі.

АЛЕКСАНДР ПАВЛОВСКИЙ, ШАРУА:
— Пайыздық мөлшерлемені 5-тен 15% дейін бірден өсіріп жіберді. 11 мың гектар алқапқа ие фермерлер үшін қаржыландыру көлемі 10 емес, 100 есеге азайды. 5 млн ғана беріліп отыр. Несиелендіру ұйымдары «қарызыңыз бар» деп жауапты қысқа ғана қайырды. Бірақ биыл несиені төлеуде кім мерзімнен кешікпеді? Егер қаржыны алдын ала келісілгендей желтоқсан айында бергенде, төлем жағынан кешігулер де болмас еді.

«Несібесін жерден жиятын диқандар қаржылай қолдауға мұқтажбыз», деп отыр. Шаруа қауымы несиелендіру мерзімінің ұзартылуын қалайды. Ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, соңғы жылдары аймақ аграрийлері қарызға батқан.

КЕНЖЕ ЖҰМАНДЫҚОВ, АШБ БАС МАМАНЫ:
— Аста-төк өнім жинаса да, әлемдік бағаның құлдырауына байланысты, бидайды сату жағынан қиындықтар туындады. Себебі бағасы төмен болды. Сондықтан қожалық басшылары қаржылық қиындықтарға тап болып, несиелендіру мекемелері алдында қарызы қордаланды.

Шаруалардың мәселесінен сала мамандары хабардар. Әйтсе де түйткілдің түйінін тарқатуға асығар емес. Салдарынан диқандардың техникасын жаңартып, жанар-жағармай алуға мүмкіндігі жоқ. Ведомство өкілдерінің мәліметінше, көктемгі дала жұмыстарына түрлі мемлекеттік бағдарлама арқылы 91 млрд теңге бөлінді. Қаражаттың 60 пайызға жуығы игерілді. Қазір диқан қауымы оңтайлы мерзімге дейін дән сеуіп бітіруге барын салып жатыр. Қазір алқаптың 30% ғана дән түйірі түскен.
———————————————