Ақтөбедегі су тоғандарында балық қырылып жатыр. Эколологтар дабыл қақты. Өйткені өлексені жеген бақалар да, тырая бастаған. Осы сумен бау-бақшасын суаратын тұрғындар оқиғаның мән-жайын шұғыл анықтауды сұрайды. Мамандар судан сынама алды.
Елек бойын мекендеген ақтөбеліктер соңғы күндері бұрын-соңды болмаған сұмдыққа тап болды. Өзен жағасын балық өлексесі жайлап алған. Бұл аздай, енді тасбақалар да қырыла бастаған. Мұны көрген халық өзен суын қолданудан қорқып қалған.
ОЛЕГ ГУТОРОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Бұл сумен бақшамызды суарып, бассейнді толтырамыз. Балалар көкөністерін жуып, жейтін. Бұрын осы маңда сусар, су егеуқұйрығы секілді жануарлар көп болушы еді. Қазір ешқайсысы жоқ. Бәрі қырылып қалғандай. Анау жерде тасбақа жатыр. Өлі балық жеп, уланып қалған болар. Балыққа не болғанын білмейміз ғой. Әйтеуір адамға жұқпаса болғаны.
Тұрғындардың айтуынша, балық осыдан 2 апта бұрын қырыла бастаған. Сол кезде бұған Ақтөбе су қоймасынан жіберілген су себеп болды деп түсіндірілген. Бірақ жұрт жағаға шығып қалған балық өлексесін қайта көргенде бұған сенуден қалған.
ВЛАДИМИР ВИТЕНБЕРГ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Осы жерде 50 жылдан бері саяжайым бар. Мұндайды алғаш көруім. Жыл сайын су жіберілетіні белгілі, тасыған кездер де болған. Бірақ осыншама өлі балықты бірінші рет көруім. Балық аулауға тыйым салынды. Бірақ өзеннің беті өлі балыққа толып, жылтырап жатқаны ешкімді де алаңдатпайтын секілді.
Бұл жағдай тек жергілікті жұртты емес, мамандарды да айтарлықтай алаңдатып отыр.
ГҮЛЗАТ ЖОЛМҰРАТОВА, ЭКОЛОГ:
— Бүгінгі көріністі көріп шошып тұрмыз. Електің жағасында барлық жағасынан ұсақ балықтардың өлгенін бақыладық. Бұл шараға енді бейжай қарауға болмайды. Өте төтенше жағдай. Бұны анықтау керек. Балықты бөлек және суды бөлек анализге тапсыруды ұсынып отырмын. Әртүрлі себептен болуы мүмкін. Енді бұның құрамында өндірістік бор және «борная кислота» болуы мүмкін.
Тұрғындар дабыл қаққанымен, балық шаруашылығы инспекциясының өкілдері жағдайдың күрделі емес екенін алға тартады.
ӘДІЛБЕК СҰЛТАНОВ, БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАССЕЙНДІК ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
— Қазіргі таңда судан балықтардың және судың сынамалары зертханалық зерттеу үшін алынды. Өлген балықтарды жинау бойынша инспекция мамандарымен жұмыстар атқарылуда.
Су сынамасын экология департаментінің қызметкерлері де алған. Қорытындысы келесі аптада дайын болады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.