Шымкентте ауа температурасы 35 градустан төмен түспей тұр. Мұндай күндері сыртқа шығып серуендеу – нағыз сынақ. Сондықтан тұрғындар салқындаудың түрлі амалын іздейді. Биыл қалада ирригация жүйесі қайтадан жаңғыртылып, арықтарға су жіберілді. Аптап ыстықта қала көшелерінде арнайы техника су бүрки бастады.
Әдетте қала көшелерін тазартумен айналысатын бұл техникалардың қызметі аптап ыстықта өзгереді. Арнайы көліктер жоғарыға су бүрку арқылы ауа температурасын төмендету үшін кеш түскенше көшелерді аралайды. Ұсақ тамшылар буланып, айналадағы жылуды сіңіру арқылы ауа температурасын төмендетеді.
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— Ыстық ауа райында шымкенттіктер салқындаудың сан түрлі амалын табады. Көлеңкелі көшелермен және арық бойымен жүргенді жөн көреді. Қазір қаладағы ирригациялық жүйелер қайта ретке келтіріліп, су сылдырап ағып жатыр. Мегаполис көшелерін кесіп өтетін мұндай арықтар — қаланың тынысын ашып, аптап ыстықта сәл де болса сергітеді.
Бұрын қала өмірінің ажырамас бөлігі болып, жылдар өте кеуіп, маңыздылығын жоғалтқан ирригация жүйесі қайта қолға алынды. Енді аптап ыстықта қала тұрғындарын салқындату және қаладағы микроклиматты жақсарту үшін қаладағы 10-нан астам көшені бойлаған арықтарда өзен суы ағады.
МАҚСАТ МОНТАЕВ, «ШЫМКЕНТ СУШАР» МКК ДИРЕКТОРЫ:
— Негізі вегетациялық кезең сәуір айынан басталып, қыркүйек айының 30-ына дейін жалғасады. Микроклиматты қалыптастыру барысы мамыр айынан басталды. Толығымен қаладағы аптап ыстықты баса алады деп айта алмаймыз, бірақ оң нәтижесін береді деп ойлаймыз. Жаңа шек каналымен қала көшелеріне суды лотоктар арқылы жіберіп, одан Қошқара өзені мен бадам өзеніне қайта суды құйып жатырмыз.
Арықтар арқылы микроклиматты қалыптастыру жұмыстары соңғы рет 2007 жылға дейін жүзеге асырылып келген. Анді араға 18 жыл салып, қайта жаңғыртылып отыр. Тұрғындар ағын судың көңіл күйге де жақсы әсер ететінін айтады.
ЭЛЬДАР ҚАЛМАХАНБЕК, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Иә, сезіліп жатыр, өткен сайын суық сезіледі. Су жіберілгеннен кейін, суға қарап тамсанып, көңіл күй көтеріліп сәл сергіп қаласың.
НАРҚОЖА САЯПАН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Салқын су мынадай күн ыстықта салқын беріп тұрады. Жолдан өтіп бара жатқанның өзінде көңіл күйді көтеріп тұрады.
Ағын су орталық көшелерімен өтіп, Қошқар Ата өзеніне қарай жылжиды. Бұл – мегаполис орталығынан өтетін жалғыз өзен. Күн ыстықта тұрғындар уақытын осы арада өткізеді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.