Мамыражай мамыр – түлектердің толқып, қобалжитын кезі. Мамандық таңдаудың машақатын сезініп, мектеп бітіру кешін тойлаймыз деп тыпыршиды. Бірақ соңғы жылдары дүбірлі думанға тыйым салынып, өткізу форматына өзгеріс енгізілгені мәлім. Соған қарамастан мектеп бітірушілері арасында әлі күнге дейін түлек тойын тойлау тоқтамай тұр.
Төрт тоқсанды түгендеген түлектердің түрліні ойлап тауып, ұлан-асыр тойы жасайтыны жасырын емес. Бірер жылдан бері тыйым салынғанымен, әлі де тыйылтай тұр. Көлікпен кортежге шығып, көшені шулатады. Өкініштісі сол, жасөспірімдердің темір тұлпарды тізгіндеуі қайғылы оқиғаға әкеліп жатады.
Жуырда ғана Жанаөзенде мектеп оқушылары ірі жол-көлік оқиғасына тап болды. Сауық құруға шыққан түлектер мінген автоның біріне қатты зақым келсе, енді бірі жолдан шығып, аударылып кете жаздаған.
Ал Алматы облысында темір тұлпар тізгіндеген бір топ түлек жол ережесін елемей, қозғалыс қауіпсіздігіне қатер төндірді. Әлеуметтік желіде желдей ескен бейнежазбада мектеп бітірушілерінің кортежі өрескел ереже бұзып, апатты жағдай тудырғанын байқауға болады. «Бала қауіпсіздігі маңызды. Бірақ думан дабыл қағумен аяқталмаса екен», — дейді Оқу-ағарту министрлігі өкілдері ата-аналарға.
ЕРЛАН ҚАЛМАҚОВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ ӨКІЛІ:
— Салтанатты кештер мен мерекелер өткізу үшін заңсыз ақша жинауға, автокөлікпен серуен ұйымдастыруға қатаң тыйым салынады. Бұл, ең алдымен, балалардың қауіпсіздігіне байланысты. Мектептен тыс іс-шараларда балалар үшін толық жауапкершілік ата-аналар мен заңды өкілдерге жүктеледі.
Әйтпеске амал жоқ. Себебі ойыннан от шығуы бір сәтте. Күні кеше Алматы облысында болған қайғылы оқиға соның дәлелі. Орта мектептің түлегі сыныптасының қолынан қаза тапты. 11-сынып оқушылары мектеп бітіру кешін атап өту үшін жалға алған коттеджде 2 бала арасында жанжал шығып, бірі екіншісіне кәуап пісіретін шампурды сұғып алған.
ҚАЙСАР СҰЛТАНБАЕВ, ҚР ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Балаларды қорғау – мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Балалар – біздің тірегіміз, елдің болашағы. Олардың қауіпсіздігі – қоғамның ортақ жауапкершілігі және Ішкі істер министрлігінің басты міндеті. Бұл бағытта нақты шаралар қабылдануда. Ювеналды полицияның жұмысы күшейтілді, патруль нарядтары білім ұйымдарына жақын қойылды.
Қуаныш пен тойды қазынаға балағанымызбен, бірінші кезекте бала қауіпсіздігі маңызды. «Сондықтан сауық-сайранның соңы сан соғып қалумен аяқталмас үшін тәртіп пен талап аса қажет», — дейді мамандар. Әсіресе ата-ана мен ұстаздар тарапынан.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.