Ақмола облысындағы Қосшы қаласында мұғалімдер мектепте төбелесті. Бірінің жағы сынып, екіншісінің көзі көгерген. Тарих және математика пәні мұғалімі арасындағы жанжал ізімен қылмыстық іс қозғалды.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Соңғы қоңыраудың соғылғаны сол, мектептегі екі ұстаздың арасында өзара тектірес басталған. Екі ай бұрын төбелескен екі мұғалім полицияға енді шағымданып, оларды қолдаушылар да екіге жарылып отыр.
Оқиға мектептің спорт залында сәуірдің бірі күні болған. Екі мұғалімнің бірінің жұдырығы жуандау болды ма, екіншісінің жағын сындырып жіберген. Ұстаздардың алысып-жұлысып төбелесіп жатқаны директорға дейін жетіпті. Бірақ «жабулы қазан жабулы күйінде қалсын» деді ме не жедел жәрдем, не полиция шақыртпаған. Ал таяқ жеген ұстаз ауруханадан бір-ақ шыққан.
БЕКАРЫС ЖАҚСЫБАЕВ, ІТ МЕКТЕП ЛИЦЕЙІНІҢ МҰҒАЛІМІ:
— Мен біреумен амандаспақшы болдым. Анаған бетіне ме бірнәрсеге тиіп кетті. Сосын менің қолымды қағып жіберді. Спорт зал жаққа шақырды. Сосын бардым. Одан кірген кезде бетімнен ұрды. Бір мұғалім мені ұстап тұрды. Анау мені 10 шақты рет насоспен басымнан ұрды.
Насос деп тұрғаны доп үрлейтін сабы темір зат екен. Басы айналып, ауырсынған Бекарыс алдымен Қосшы ауруханасына барады. Дәрігерлер оны Астанаға жіберген. Жақ сүйегі сынған мұғалімге операция жасалып, бір айдан артық емделген. Ал жұдырық ала жөнелген тарихшы керісінше: «Мен таяқ жедім. Менің кәсіби беделіме нұқсан келтірді», — дейді.
ІЛИЯС ИБРАҺИМ, ІТ МЕКТЕП ЛИЦЕЙІНІҢ МҰҒАЛІМІ:
— Ешқандай ұру болған жоқ. Сол жерде мені ұрып-соғып жатқан жерінен дене шынықтыру мұғалімдері келіп ажыратып, екі жаққа жіберді. Менің мұрным сынды. Мұрнымда әлі із бар, міне, бет аузым көгерді. Қылқындырғаннан кеңірдекте де зақымдар болды..
Екі мұғалім арасындағы төбелестен кейін мектеп директоры оларға дәрігерлік көмек қажет болмағанын айтады.
НҮРКЕН ШАХМЕТОВ, ІТ МЕКТЕП ЛИЦЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Өздері келіп өздері кеткен адамдар ғой. Жедел жәрдем шақыратындай көмек қажет болмады. Қазір енді педагогикалық әдептің кеңесін өткіземіз. Ол әлі кеш емес.
Тәртіп сақшылары мектепке келіп тергеуді бастап кетті. Ал олардың жұмысында қалу-қалмауын педагогикалық кеңес шешеді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.