Қол-аяғы жоқ мүгедекті «табыс көзіне» айналдырған

Қарағандыда қол-аяғы жоқ мүгедек пен оның әйелін 10 жыл бойы құлдықта ұстап, қайыр сұрауға мәжбүрлеген ұйымдасқан қылмыстық топқа сот үкім кесті.
Саран қаласының төрт тұрғыны мүмкіндігі шектеулі азаматты ұрып-соғып жұмыс істетіп, бар тапқан-таянғанын қалтасына басып келген. Тіпті оңай олжаға кенелу үшін ерлі-зайыптылардың бір жасар қызын күштеп тартып алыпты. Сотталушылар ата-анаға тек ақша жеткілікті болған кезде ғана қызымен кездесуіне рұқсат еткен. Басты фигурант- 37 жастағы азамат осыған дейін есірткі сақтау ісі бойынша істі болған екен. Ол 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал қалған үшеуі енді өмірінің 12 жылын темір тордың ар жағында өткізеді.
ГАЛИНА ЖИЛИНА – СУДЬЯ:
— Айыпталушылар белгілі бір уақыт аралығында жәбірленушілерге барып, ақша алып отырған. Артынша оны айырбастап, Боранковтың нұсқауымен қажеттеріне жұмсап келген. Сотталушылар мұны мойындады. Айта кету керек, топ мүшелері бір-бірімен туыс болып шықты. Олардың әрқайсысының өз міндеті болған.
———————————————