Атырауда ойын алаңдарының сапасы сын көтермейді. Тоз-тозы шыққан құрылғылардың кесірінен балалар зардап шегіп отыр. Кейбірінде тіпті қауіпсіздік ережелері де мүлдем сақталмаған. Ал шенеуніктер: «Барлық ойын алаңдары мен спортпен шұғылдану орындары талапқа сай орнатылған», — дейді.
Тоз-тозығы шыққан, бүлінген, сапасыз ойын алаңдары мен спорттық орындардың кесірінен осыдан екі апта бұрын 7 жастағы жеткіншек саусағынан айырылды. Мектеп ауласындағы алаң мүлдем қоршалмаған, тіпті қауіпсіздік те қарастырылмаған.
НҰРГҮЛ ТӘКЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Қызым мына жерде тренажердағы құрылғыға қолын қысты. Екі саусағын ауыртқан. Бір қолының саусағы жоқ. Екіншісінің саусағы терісіне ілініп тұрады. Дәрігерлер тігуге келмейтінін айтады. Мына жерде ешқандай қоршау жоқ. Соқалар құлайын деп тұр.
Қазір спорттық алаңдар қаладағы екі бірдей оқу ордасында орнатылған. Бірақ, қоршау мен қауіпсіздікке мектеп басшылығы жауап бермейді дейді.
ЖАННА ҚҰЛБАТТЫРОВА, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:
— Мемлекеттік мектеп болған соң әкімдіктің атынан жасалатын нәрсе. Өзіміз мұны орнатпаймыз ғой. Біздің балансқа берілген жоқ. Барлығы қалай берілді, солай тұрды. Біздің балансқа кірмейді нақты айта аламын.
Жалпы қала бойынша биыл 100-ден аса ойын алаңы мен спорттық жаттығу орны орнатылады. «Оған жергілікті бюджеттен 700 миллион теңге қарастырылған. Бірақ қауіпсіздік пен қоршау жобада қарастырылмаған», — дейді жауапты мамандар.
ҒАСЫРБЕК ТӨЛЕГЕН, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Салынған спорт, ойын алаңдарының кепілдік мерзімі бар. Сапасыз деп санымен проценттік өлшенбейді. Жоба бойынша ешқандай ойын орындары немесе спорт алаңдары қоршалмайды. Спорт жаттығу алаңдары 2019 жылы қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша орнатылған.
Тұрғындар сапасыз әткеншектер мен сырғанақтар балалардың өміріне қауіп төндіреді ме деп алаңдайды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.