Ақтөбеде екі зейнеткердің өліміне қатысты сот отырысы басталды

Бүгін Ақтөбеде екі зейнеткердің өліміне қатысты аты шулы қылмыстың соты басталды. 38 жастағы Сәрсенбек Басанов Қылмыстық кодекстің үш бірдей бабы бойынша сотталып жатыр. Оған зейнеткерлерді айырықша қатыгездікпен өлтірді, бірге тұрған әйелін заңсыз бостандығынан айырды және оған дене жарақатын салды деген айып тағылған.
Прокурордың айтуынша, 40 жастағы Мира Қазтуғанова өткен жазда ажырасқан ер адаммен әлеуметтік желі арқылы танысып, кейін бірге тұра бастаған. Арада екі ай өткен соң ер адам әйелді қызғанып, ұрып-соққан. Кейін үйленуге ұсыныс жасаған. Әйел бұдан бас тартқанда Басанов ашуланып, оның ата-анасының үйіне жасырын кіріп, әуелі 67 жастағы Зина Шаймағамбетованы пышақтап, мәйітін жертөлеге тастаған. Анасын іздеп ас үйге келген Мира Қазтуғанованың қол-аяғын байлап, ұстап отырған. Мұны көрген 74 жастағы Байғали Әлиевті Басанов балтамен ұрып, есінен тандырған. Полицияны сол күні үйде болмаған Қазтуғанованың 16 жастағы ұлы шақырған. Екі адамның өліміне кінәлі деп айыпталып отырған күдікті 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
АНАР ТАЖМҰХАНОВА, МАРҚҰМНЫҢ ҚЫЗЫ:
— Біз ата-анамызға, қарт, әлсіз, қорғансыз адамдарға істегені үшін өлім жазасын талап етер едік. Өкінішке қарай, бізде өлім жазасы жоқ, тек өмір бойғы түрме ғана бар. Біз өмір бойғы түрмеге қамауды талап етеміз. Ол мұны қызғаныштан жасағанын айтып отыр. Егер бұл қызғаныш болса, ол алдымен сол қызғанатын адамынан бастауы керек еді. Ата-анадан емес.
———————————————