Жамбыл облысынан 400-ге жуық иесіз ұңғыма анықталды

Жамбыл облысының прокурорлары өңірдің 7 ауданынан 400-ге жуық иесіз ұңғыма анықтады. Қараусыз қалған гидронысанның 150-дейі Меркі ауданынан табылып отыр. Бұл ұңғымалардан күнделікті миллион литрдей су босқа ағып тұрған. Соның кесірінен кейбір аумақта жер бедері өзгеріске ұшырап, пайдалануға жарамсыз күйге түскен. Тіпті кезінде көкорай шалғынды болған құнарлы кеңістіктер үздіксіз су басудан батпақты алқапқа айналып кеткен. Өрескел заңбұзушылықтарды жою үшін облыс прокурорлары Шу-Талас бассейндік инспекциясы мен аудан әкімдіктеріне арнайы ұсыным жолдады. Енді шенеуніктер бұрын назардан тыс қалған ұңғымаларды құжаттандырып, оларды тиімді пайдаланудың жоспарын әзірлеуге міндетті. Қадағалаушы орган өкілдері сондай-ақ Тараздағы жасыл желекті суаруға арналған гидроқұрылғылардың 60 пайызы істен шыққанын анықтап отыр. Сонымен қатар өңірдегі өзен-көлдерде су есептегіш құралын орнатпай балық өсірумен айналысқан 20 кәсіпкердің заңсыз ісі әшкереленді.
ДӘУРЕН КӨБЕЕВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒАТ ҚОРҒАУ ПРОКУРОРЫ:
— Балық өсіру тоғандарын суға толтыру үшін дренажды каналдарды рұқсатсыз бұрып алған. Кәсіпкерлер лимит сақтау мен салық төлеуден де жалтарған. Гидронысандар маңында орналасқан моншалар да рұқсат беру құжаттарынсыз суды пайдаланып келгені анықталып отыр.
———————————————