Ортопедтер мен травмотологтар тегін қабылдау жүргізді

Бүгін ортопедтер мен травмотологтар тегін қабылдау жүргізді. Ашық есік халықаралық балаларды қорғау күніне орай әр өңірде ұйымдастрылды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бастауыш сынып оқушыларының 40%-ында жалпақтабандылық кездеседі. Ал ортопед-травмотолог мамадарына жазылу үшін ата аналар кезекті 1 айдан артық күтуге мәжбүр. Бұл дерттің алдын алу үшін дәрігерлер қандай кеңес береді?
Ализа Сатова екі баласын травмотолог, ортопед маманына қаратуға әкелген. Кішкентайы – 5 жаста. Аяғын қисық басады әрі жалпақтабандылық та мазалайды.
АЛИЗА САТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Аю сияқты жүреді. Жүгіргенсе құлайды. Травмотолг-ортопед мамандарына емханаға жазылу қиын. Айына 1 рет ашылады. Жазылып үлгермейсең, келесі айды күтесің. Осы күнге дейін емхана мамандарына қаралдық.

ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Дәрігерлердің мәліметінше, бүгінде балалар мен жасөспірімдер арасында жалпақтабандылық жиі байқалады. Дерттің алдын алу мақсатында астаналық ортопедтер мен травматологтар бүгін тегін қабылдау жүргізді. Науқан аясында мамандандырылған медициналық көмек көрсетілді. Бұл іс-шара «Дәрігер – балалардың жанашыры» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылды.

Игі бастама аясында 100-ге жуық баланың денсаулығы тексерілді. Кезек толастамағандықтан, қосымша 2 кабинет ашуға тура келген. Дәрігерлер дерттің алдын алу және оны емдеуде кеңес берді.

МЕДЕТ НҰҒМАНОВ, №2 КӨПБЕЙІНДІ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Көбіне киетін аяқ киіміне байланысты. Ол уақытылы байқалмайды. Травмотолог-ортопедтермен кеңес алу кезінде байқалып жатады. Жүрген кезде балада аяқ ауырсынуы болса, міндетті түрде көп созбай дәрігердің қабылдауына бару керек.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, әсіресе бастауыш сынып оқушыларының 40 пайызында жалпақтабандылық кездеседі. Ауыр салмақты мектеп сөмкесін көтеріп, сколиоз, остеохондроз болады. Сондықтан жылына 1 рет балаларды травмотолог, ортопед маманына қаратуға кеңес береді. Бұл баланың дене тұлғасының түзу қалыптасуына көмектесіп, болашақта бірқатар аурудың алдын алады.
———————————————