Жетісу облысында «Үздік шопан» байқауы өтті

Жетісу облысында алғаш рет «Үздік шопан» байқауы өтті. Жұмысшы мамандық жылы аясында ұйымдастырылған додада ақ таяғын ұстаған қойшылардың қабілет-қарымы, ой-өрісі тексерілді. Алдымен логикалық сауалға жауап беріп, тест сұрағынан сүрінбеуге тырысты. Келесі кезеңде олар отар ішінен бөлінген қозының енесін тез тауып беруден жарысты. Байқау биязы және биязылау жүнді қой тұқымын көбейтушілер арасында өтті. Ұйымдастырушылар қазақтың ата кәсібін бұқараға насихаттап, бүгінде шопан болу тек мал қайыру ғана емес, тиімді кәсіп екенін жеткізбек болды. Себебі соңғы жылдары ауыл мал бағатын адам таппай қалған.
СЕРІКЖАН ЖЕКСЕМБІНОВ, СЕРІКТЕСТІК ДИРЕКТОРЫ:
— Бұл шопандардың мәртебесін көтеру мақсатындаөткізіліп отыр. Жастарымыз нәпақаны қаладан емес, даладан іздесін, өйткені азық түлік қауіпсіздігі дейміз ғой, мына азық та далада өседі.
ЖАСҰЛАН ТАСЫБАЕВ, БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗЫ:
— Егер жастарға үй жайы, жалақылары дұрыс болып жатса, неге тартылмасқа? Себебі қазір малдың арзандығынан жүннің арзандығынан, терінің арзандығынан көбіне жастарға жағдай жасалмай жатыр.
———————————————