Назарбаев зиякерлік мектебінде тағы дау шықты. Оқу жылының аяқталуына небәрі 2 күн қалғанда оқушы мектептен қуылды. Оған не себеп, мәселе қалай шешілді?
Оқу жылының аяқталуына екі күн қалғанда мектептен қуылды. Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы емтиханға телефон алып кіріп, кейін мұғалімге тіл тигізгені үшін оқудан шығарылды.
СҰҢҚАР МАЙҚАН – ОҚУШЫ:
— Мен өз кінәмді толық мойындаймын. Бірнеше рет кешірім сұрадым. Ата-анам да кешірім сұрады. Бірақ директор біз жазған өтінішті қайтарып беруден бас тартты. Мен тәртіптік жазаға келісемін – қоғамдық жұмыс болсын, басқа шара болсын – тек маған осы мектепте қалуға, білімімді жалғастыруға мүмкіндік берілсе деймін.
Даулы жағдай желіде желдей есіп, дүйім жұртты әп-сәтте дүр сілкіндірді. Бірақ сорақысы сол, далада қалдым деп қорыққан бала уайымнан бірнеше күн бойы тамақ ішпей ауруханадан бір-ақ шықты.
ИРИНА СМИРНОВА, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Балаға өшпенділікпен қарауға болмайды.Мектептің жасап отырғаны — нағыз хейт, нағыз буллинг. 11-сынып оқушысын соңғы оқу күні мектептен шығару — баланың психикасына тікелей соққы жасау. Бұл жағдайда балаға ескерту жасап, басқа тәрбие шараларын қолдану керек еді. Ал олар ең ауырын – оқудан қуу жолын таңдады.
Мәселеге министрлік те араласты. Оқу-ағарту министрінің тапсырмасымен мектепке арнайы комиссия жіберіледі.
МЕРЕКЕ АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Оқу-ағарту министрлігі педагогтің қадір-қасиетін төмендететін кез келген әрекетке сынмен қарайды. Оқушы өз қателігін түсінді. Назарбаев Зияткерлік мектебі бұл жағдайды тек ішкі тәртіппен ғана емес, сондай-ақ адамгершілік, ұстаздық ұстанымға сүйеніп шешеді деп үміттенеміз. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәселені жіті бақылап отыр.
ЕРМЕК ПАЙЫЗОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ НЗМ ДИРЕКТОРЫ:
— Біз бірнеше ұсыныс жасап отырмыз. Біздің мектепте университетке дайындыққа арналған қосымша курстар бар. Сол курстарға бұл балаға қатысуға мүмкіндік беріп отырмыз. Және де университетке түсуіне қолдау, көмек көрсететінімізді ата-аналарына нақты айтып отырмыз. Қазір ата-аналармен жиналыс өтіп жатыр. Біз барлық ұсынысымызды айтып жатырмыз. Енді шешім – ата-аналарда.
Қалай болғанымен депутат Ирина Смирнова Назарбаев зияткерлік мектептерінің қызметіне қатысты сауал жолдайтынын жеткізді.
ИРИНА СМИРНОВА, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Назарбаев зияткерлік мектептеріне мұндай жабық құрылымының қаншалықты қажет екенін қайта қарау керек. Өйткені мұндай жабық, өзін-өзі реттейтін жүйе уақыт өте келе авторитаризмге, субъективтілікке әкеледі. Қазір біз соны анық көріп отырмыз.
Ал ата-ананың арыз жазудан басқа амалы жоқ. Осылайша, әділдікті соттан сұрайды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.