Қыз алып қашқан адам 10 жылға дейін сотталуы мүмкін

Қыз алып қашу қоғамда тыйылмай отыр. Соңғы 5 жылда 300-ге жуық жағдай болған. Бірақ істердің тек бесеуі ғана сотқа жеткен. Некеге отыруға мәжбүрлеуге қатысты қылмыстық кодексте бөлек бап пайда болды. Бүгін мәжілісте депутаттар жаңа бапты мақұлады. Қыздарды алып қашқандарға қандай жаза қолданылмақ?
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Қыз алып қашатындарға жаза күшейтілді. Бүгін мәжілісте депутаттар жаңа бапты таныстырды. Оның атауы да өзгеріп, мәні де кеңейе түсті. Қылмыстық кодексіне некеге отыруға мәжбүрлеу деп аталатын бап енгізілді. Енді алып қашқан азамат жәбірленушімен татуласқан жағдайда да жауапкершіліктен босатылмайды.

Аруларды алып қашуға қатысты бұл бап еркінен тыс тұрмысқа шығатындардың құқығын, ар-намысын қорғауды көздейді. Қыздардың қарсылығына қарамастан, некеге отыруға мәжбүрлеу қылмыстықа жатқызылады. Алып қашқан адам 10 жылға дейін сотталуы мүмкін.

АБЗАЛ ҚҰСПАН, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Егер осындай әрекеттер ауыр зардаптарға соққан болса, адам өліп кету деген сияқты 5-10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қыз алып қашу кезінде қайғылы оқиғамен аяқталған жағдайда 10 жылға дейін жазаланады. Үкіметтің қорытындысы алынды. Мәтін:
Жаңа бапты әзірлеу барысында депутаттар көрші елдердің тәжірибесін негізге алғандарын жеткізді. Мысал үшін, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстанның қылмыстық кодексінде қыздарды мәжбүрлі түрде алып қашқандарға жауапкершілік бұрыннан бар.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫ:
— Бұл, бірінші кезекте, қарындастың тағыдыры, болашақ аналардың тағдыры. Соңғы кездері қыз алып қашудың ұлттық дәстүрі жиілеп кетті. Бұл – адамның құқығы мен еркіндігін өрескел кемсіту. Көп жағдайда бұл жайт заңнамадағы олқылықтардан болып жатыр.

Қылмыстық кодекске енгізілген жаңа бап «Қыз алып қашуға тыйым салынады» деген сөз емес. Шаңырақ көтеру екі жақтың келісімен болған жағдайда қылмыстық әрекет болып есептелмейді.
———————————————