Қызылорда облысында 313 мал иесі жауапкершілікке тартылды. Олар төрт түлігін ұдайы жайылымға бақылаусыз жіберіп отырған. Қараусыз қалған мал қалааралық жолдарға шығып, салдарынан 15-ке жуық көлік апаты болды. Тұлпар тізгіндеген жүргізушілерге, әсіресе түнгі уақытта жорту қиын. Ымырт байлана, ірі қара мен жылқы қалың құрақтағы шыбын-шіркейден қашып, жел қағып тұрған трассаға шығады. Ал түйелер тіпті жолға жатып алады. Сондықтан жол сақшылары жүргізушілерге елді мекен жанындағы тиісті белгілерге ерекше қырағы болып, жылдамдық режимін сақтау керегін ескертеді.
МҰРАТБЕК МАНАТОВ, ЖПҚБ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Қызылорда облысы аумағынан жүріп өтетін республикалық маңызы бар Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент тасжолында үй жануарларының қатысуымен оннан астам жол-көлік оқиғасы орын алған. Осы үй жануарларының иелеріне ҚР әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 408-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар рәсімделді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.