Аяқ және тобық буыны аурулары көбейіп барады

Аяқ және тобық буыны аурулары көбейіп барады. Бұған алаңдаған дәрігерлер елде аяқ пен тобық буыны хирургтерінің қазақстандық қауымдастығын құрды. Мамандар бір ұйымға біріксек, саланың дамуына үлес қоса аламыз деп есептейді.
Травматология және ортопедия орталықтарына «аяғым ауырады» деп баратын науқастарда басқа буын сырқаттарына қарағанда табан буынының туа біткен және жүре пайда болған ақаулары көп кездеседі. Бір жылда тек табан буыны ақауына елімізде 2500-ден астам ота жасалған. Ал сырқат саны бұдан да көп. «Науқастар әне барам, міне барам деп жүріп, уақыт өткізіп алады», — дейді дәрігерлер.

ЕРСІН ЖҮНІСОВ, ХТО ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Біздің осы кездесіп жатқан пациенттердегі туа пайда болған маймақ табандық, туа пайда болған әртүрлі бұлшық еттің сүйектердің деформациясы, жүре пайда болған сирақ-табан буынының жарақаттары, әртүрлі көпкеңістіктегі деформациялар, сол деформациялардың салдарынан жасөспірімдердің арасында, орта жастағы адамдардың арасында осы ақаулар жиі кездесіп жатады.

Аяқ және тобық буыны отасы тізеге жасалатын операцияға қарағанда күрделірек. Сол себепті бағасы екі есе қымбат. Табан хирургиясымен айналысатын дәрігерлердің ортақ емдеу протоколы жоқ, әркім өз білгенімен жұмыс істейді. Салада ақсау бар. Олқылықтың орнын толтыру үшін жалпы табан хирургиясы мамандарының басын біріктіріп, олардың бар тәжірибесін саланы дамытуға пайдалану үшін елде аяқ және тобық буыны хирургтерінің қазақстандық қауымдастығы құрылып жатыр. Оған мүше болған мамандар әлемнің озық технологияларын біздің медицинаға енгізіп, тобық буыны ақауларын ерте кезеңде анықтау, оны болдырмау жұмысын қолға алады.

ОЛЖАС БЕКАРЫСОВ, БАТПЕНОВ АТЫНДАҒЫ ҰҒТОО ДИРЕКТОРЫ:
— Жаңа технологиялар аудандарға ұзақ жетеді. Сондықтан осындай қауымдастықтар керек, олар аймақтарға шығып, мамандармен өз ойын бөлісіп, жаңа технологияларды үйретіп, заманауи технологияларды науқастарға жақындатады.

Ақсап тұрған салада дәрігер жетіспейтіні айтпаса да түсінікті. Қауымдастық табан хирургы мамандарын оқыту мәселесін де шешуі керек. Жаңа құрылған ұйымның алғашқы мүшелері, 25 адамға куәлік пен төсбелгі табыс етілді.
———————————————