Еліміздің солтүстігінде осыдан 8 жыл бұрын басталған Петропавл – Қорған тасжолының құрылысы әлі аяқталар емес. Оған қаржы қолбайлау болып отыр. Биыл жоба қайта есептеуге жіберілді. Қазір жүргізушілер 10 шақырым жерге бірнеше сағатта әзер жетеді.
САМАТ ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ, ТІЛШІ:
— Қазір мен республикалық маңызы бар Петропавл – Қорған тасжолында тұрмын. Еуропадан келетін қонақтардың барлығы осы жолмен жүреді. Ал жауапты мамандардың айтуынша, күніне бұл учаскеден шамамен әрлі-берлі үш мыңнан астам көлік қатынайды екен.
Петропавлдан Ресей шекарасына дейінгі аралық небәрі 60 шақырым. 2017 жылы екі мемлекетті байланыстыратын трассада қайта жаңғырту жұмыстары басталған. Алайда шаруа сол күйі соңына дейін аяқталмады. Қазір жол азабын әсіресе жүк тасып жүрген жүргізушілер тартуда.
КОНСТАНТИН НОВОСЕЛОВ, ЖҮРГІЗУШІ:
— Айтарға еш сөзім жоқ. Мына жолмен қалай жүреміз? Дөңгелегіміз жарылып, көлігіміз жиі істен шығады. Мен 90-жылдан бері жүк тасимын. Нақ осы трасса сол уақыттан бері жөнделуде. Бірақ әлі аяқталмады.
УМАР АРГУДУ, ЖҮРГІЗУШІ:
— Жаңбыр жауса жағдай тіпті қиындап кетеді. Өткенде батып қалдым. Көлігімді сүйреп шығаруға тура келді. Ол үшін қырауар қаржы шығардым.
10 шақырымға жуық жол құрылысының былай сағызша созылуына материалдардың қымбаттауы себеп. Әрі осы күнге дейін учаскеде бірнеше мердігер ауысқан. Алдыңғылары істі созбаққа салған соң олармен келісімшарт үзіліп, іс сотта қаралды.
АНДРЕЙ ЧЕРВОНЮК, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰҚ» СҚОФ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Қазір жобалық-сметалық құжаттар түзетіліп жатыр. Ол республикалық бюджеттік комиссияның бірінші қаралымынан өтіп, мемлекеттік сараптама порталына енгізілді. Енді нақты шемімі маусым айында белгілі болады. Қажет қаржы толығымен бөлінсе, іс биыл аяқталуы мүмкін. Әзірге мердігер жұмысты жеке қаражатына жүргізуде.
Жалпы Солтүстік Қазақстан облысындағы автомобиль жолдары ұзындығы жағынан елімізде үшінші орында. Өңірдегі жолдың ұзындығы екі мың шақырымға жуық. Биыл республикалық маңызы бар трассаларды жөндеуге ел қазынасынан 40 миллиард теңге қарастырылып отыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.