Жазғы лагерьге тегін жолдама кімдерге беріледі?

Қазақстанда 3 миллион 900 мың оқушы енді бірер күннен кейін оқу жылын аяқтайды. Оның 200 мыңнан астамы мектеп бітіреді. Қазір елімізде жоғары оқу орнына түсетін талапкер үшін Ұлттық біріңғай тест тапсыру басталды. Ал жазғы каникулға шығатын оқушы демалысын қалай өткізбек? Бүгін Үкімет отырысында бала қауіпсіздігі және алдағы жаңа оқу жылында енгізілетін өзгерістер талқыланды.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұловтың айтуынша, ел бойынша 46 орталықта түлектер ҰБТ тапсырып жатыр. Олар 5 800 компьютер, үздіксіз интернет, бейне сервер және ұялы сигналдарды басатын құрал, металл детектор, бейнебақылау камераларымен жабдықталған.

ТАЛҒАТ ЕШЕНҚҰЛОВ, ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Өңірлік тестілеу орталықтары ірі елді мекендерде орналасқан және тиісті құрал жабдықтармен қамтамасыз етілген. Талапкерлер тестілеу үшін уақытын және пунктін өздері таңдайды.Талапкерлерге осы уақытта ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен гранд конкурсына қатысу мүмкіндігі беріледі.

Үкімет отырысында жазғы каникулды асыға күтіп жүрген балалар демалысын ұйымдастыруға баса назар аударылды. Еліміздің 10 мыңнан астам демалыс орнында 3 миллион 200 мың бала жазғы каникулын өткізеді. Оның 15 мыңнан астамы жыл бойғы сауықтыру орталықтарында, 186 мыңы қала маңындағы, 3 миллионға жуығы мектеп жанындағы, ал 160 мыңы шатырлы және киіз үй демалыс орындарында тынығады. Кейбір оқушыларға тегін жолдама да қарастырылған.

АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Әлеуметтік осал санаттағы балаларға ерекше назар аударылмақ. «Қазақстан Халқына» қорының қолдауымен «Жаздық жолдама» жобасы аясында 10 мың бала тегін демалуға мүмкіндік алады. Көпбалалы отбастары және ауыл балаларына басымдық беріледі.

Балаларға демалыс кезінде 120 мың ұйымдастырушы-педагог бағыт-бағдар береді. Қосымша 12 мыңнан астам студент пен ерікті тартылады. Каникул кезінде санитариялық бақылау басты назарда болады.

АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
— Министрлікпен жазғы кезеңде балалардың санитариялық эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, әр маусымдық лагерде санэпидқызмет мамандары бекітілді. Лагерлердің басшылығымен ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Санэпид бақылау комитетімен жедел желі ұйымдастырылды.

Ал биыл қыркүйектен бастап білім ошақтарында жаңа ас мәзірі енгізіледі. Бұл ретте семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары және басқа да ауруларды азайтуға мән беріліп отыр.
———————————————