Өкпесіне ота жасатқан жігіттің ішінде ине қалып қойған

Жақында өкпесіне операция жасатқан қарағандылық жігіттің ішкі құрылысында ине қалып қойған. Дәрігерлер оны алып тастады. Енді денсаулығы нашарлаған азамат қателік жасаған дәрігер жазасын алып, моральдық өтамақы берілуін талап етпек.
Алик Сагин үшін бәрі 14 сәуірде өзгерді. Оң жақ бүйірін ұстап, ауруханаға әрең жеткен азаматты облыстық мекеменің хирургы қабылдап, оған «плеврит болуы мүмкін» деген диагноз қояды.

АЛИК САГИН, ҚАРАҒАНДЫ ТҰРҒЫНЫ:
— Мен 14 сәуірде ауруханаға оң жақ бүйірімнің ауырсынуымен түстім. Мені хирург Думан Каменович қарап шығып, ертесіне операция белгіледі. 15 сәуірде маған плеврадан сұйықтық алу бойынша ота жасалды.

Күрделі операциядан кейін Агиннің кеуде тұсынан ине анықталады. 19 сәуірде екінші операция белгіленіп, рентгенде анық көрінген темір алынып тасталады. Бірақ операциядан кейін науқастың халі күрт нашарлап кеткен.

АЛИК САГИН, ҚАРАҒАНДЫ ТҰРҒЫНЫ:
— Қазір ұзақ жүре алмаймын, жүз метр жүрудің өзі қиын. Жараның тігісі жазылған жоқ. Бір апта ішінде екі рет ота жасалғаннан шығар. Хирургқа хабарласқанымда: «Адамдар оқпен де өмір сүріп жүр, ал сізде тек ине болған. Ол ешқандай инфекция да әкелмейді», — деді.

Денсаулық сақтау басқармасы осы оқиға бойынша қызметтік тексеріс жүріп жатқанын растады. Бұл іске тәуелсіз сарапшылар комиссиясы да тартылмақ.

ЖАННА ДОСМАИЛОВА, МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІҢ САПАСЫН БАҚЫЛАУ ЖӨНІНДЕГІ ДИРЕКТОРДЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Бұл – расымен де күрделі мәселе және оны жіті тексеру керек. Мұндай жағдайларда адами фактор үлкен рөл ойнайды. Біз адамбыз және адамдармен жұмыс істейміз. Шаршау, қателік жіберу мен салғырттық болуы мүмкін. Міне, алдағы уақытта біз осының нақты себебін анықтаймыз.

Заңгерлердің айтуынша, мұндай жағдайда медицина қызметкерлері заң алдында жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

НҰРГҮЛ МӘЛІК, ЗАҢГЕР:
— Біріншіден, бұл – дисциплинарлық жауапкершілік, яғни ескерту алады, сөгіс алады, жұмысынан айырылуы мүмкін. Екіншісі, бұл – азаматтық-құқықтық жауапкершілік, яғни пациентке келтірілген зиянды өтеу үшін сот арқылы сотқа жүгіну және де сонымен қатар моральдық зиянды өтеуге де болады. Сонымен қатар, үшіншісі, бұл – қылмыстық жауапкершілік.

Алик Сагин қазір жұмысқа жарамсыз. Өзі жалдамалы пәтерде тұрады. Ал жары жүкті. Отбасын енді қалай асырайтынын білмейді. Сондықтан осы жағдайға әділ бағаның берілгенін, кінәлілердің жауапқа тартылып, моральдық және материалдық өтемақы төленуін қалайды.
———————————————