Шегіртке шөптің көбін отап тастаған

Қызылорда облысының шаруалары шыр-пыр болып жатыр. Арал ауданы Абай ауылында шегіртке қаптап кеткен. Зиянкес жайылымдағы шөптің түгін қоймай қырқа бастапты. Бұл төрт түлік иелерінің арқасына аяздай батып отыр. Қыстай киік таптаған шабындыққа, енді шегіртке қонған. Тұрғындардың айтуынша, оны улауға келген мекеменің техникасы жиі істен шығады. Арал ауданы бойынша 20 мың гектар алқап өңделуі тиіс. Әзірге бұл шаруа кешеуілдеп жатыр.
АБЗАЛ АСАНБАЕВ, АБАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Ылғи ескірген техникалар келіп тұр. Дельтапланның ұшуына күн мынадай жел болып тұр. Келіп тұрған УАЗ-дары жүрмейді. Барлығы бұзылған десе де болады. Ақшаның барлығы ауаға кетіп жатыр деген сөз ғой.
ҚАЗЫБЕК ҚАЛШОРАЕВ, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ ӨКІЛІ:
— Облыс бойынша бар бөлінгені – төрт-ақ машина. Қазір жергілікті тұрғындардан машина жалдап жатырмыз. Техникалық ақау болып тұр, бүгін жұмысқа шығарамыз. Шамамымыз жетеді. Құдай қаласа, бүгін-ертең самолет келеді. Самолет шақыртып жатырмыз.
———————————————