Түркі әлемі біріксе ғана жаһандық сын-қатерлерге төтеп береді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде түркі әлемі біріксе ғана жаһандық сын-қатерлерге төтеп бере алатынын мәлімдеді. Мемлекет басшысы түркі елдерінің ортақ тарихы мен құндылықтарына тоқталып, бірліктің маңызын ерекше атап өтті. Саммит барысында Президент сауда, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты тереңдету қажеттігін айтты. Сонымен қатар, білім, ғылым және мәдениет бағыттарында интеграцияны күшейтуге шақырды. Тоқаевтың айтуынша, бұл салалардағы серіктестік түркі әлемінің болашағы үшін шешуші рөл атқарады. Ол халықаралық сын-қатерлерге бірлесіп қарсы тұру үшін, өзара сенім мен қолдаудың маңызын баса айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:
— Елдеріміз арасындағы сауда-саттықты жандандырып, тауар түрін көбейту қажет. Өткен жылы Қазақстанның Ұйымға мүше елдермен арадағы алыс-берісі 11,4 миллиард долларға жетті. Бұл – еліміздің сыртқы саудасының 8% тең. Әрине, жақсы көрсеткіш. Дегенмен оны арттыра түсу керек. Осыған орай сауда-саттықты дамыту үшін арнайы құжат әзірлеуді ұсынамын.
———————————————