Қор қызметі қорғауда болады. Енді МӘМС жүйесінен «пропискамен» ешқандай медициналық ұйым қаржы ала алмайды. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін «майшелпекке айналдыруға» жол жоқ деген депутаттар Мәжілісте екінші оқылымда қабылданған Заң жобасына маңызды өзгертулер енгізді. Бұдан былай МӘМС-ті алдымен Денсаулық сақтау министрлігі қадағалауы керек.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Медициналық ұйымдар МӘМС жүйесіндегі қаражаттың жұмсалуы туралы бұдан былай қарай есеп беруге міндеттеледі. Бұған дейін өз бетінше әрекет етіп келген түрлі мекемеге енді сұраныс артады. Депутаттар бұл жемқорлыққа апарар жолға тосқауыл болады деген сенімде.
Талай рет талқыға түсіп, халықтың наразылығын туғызған МӘМС жүйесі алдағы уақытта реттелетін сияқты. «Бұл, ең алдымен, адам денсаулығына кепіл болуға тиіс», — дейді депутаттар. Мәжілісте ұсынылған өзгерістердің бастысы – лицензия немесе сертифаты жоқтарға жұмыс істеуге жол бермеу және жүйеге аударымдарды есептеуге арналған шекті ең төмен жалақының 50 еселенген мөлшерінен 20-ға дейін төмендету.
ГҮЛДАРА НҰРЫМ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Бұдан бөлек, МӘМС жүйесінің тартымдылығын қамтамасыз ету мақсатында жарналарды үздіксіз төлеген адамдар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек алу құқығын төлем тоқтатылған сәттен бастап 6 айға дейін сақтау ұсынылады. МӘМС қоры мен денсаулық сақтау субьектілерінің қаржылық қозғалысы туралы мәліметтер ресми интернет ресурстарда міндетті түрде жариялануға тиіс.
Бұл МӘМС-тегі қаржының ашықтығын көрсетпек. Журналистер алдына шыққан мәжілісмендер бұл жүйе тіпті «припискамен» жұмыс істеп, ем-дом алмаған науқастарға қағаз толтырумен айналысып келгенін мәлімдеді. Енді заңсыз, лицензиясыз жұмыс істейтін медициналық ұйымдар уәкілетті органның қадағалауында болады.
БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өзі іштегі құжат алмасу жемқорлыққа үлкен тәуекел жасайды. Қорды ешкім тексермейтін. Қорда үлкен миллиардтаған, трилиондаған ақша жиналады. Қорды министрлік те тексере алмайды, қорды құқық қорғау орындары да тексере алмайды. Қордың құжаттамаларын халық та ала алмайды. Соның кесірінен қор өзімен өзі «патша» болып жүре беретін.
Иә, енді медициналық ұйымдар заңсыздыққа жол берсе, сот арқылы қызметін тоқтатуға дейін болады. Ал интернетте МӘМС жалған қаржылық мәлімет жарияласа, заң алдында жауап береді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.