Алматыда еліміздегі тұңғыш ана сүті банкі ашылды. Бірегей жоба жүздеген шала туған нәрестенің өмірін сақтап қалуы мүмкін. Бұрын жаңа туған сәбилерді алғашқы күннен бастап құрғақ сүтке үйрететін болса, енді олар тек ана сүтімен қоректенеді.
Виктория Бойко жүктіліктің 35 аптасында дүниеге егіз әкелді. Алайда шақалақтың бірі шетінеп кетті, екіншісі жансақтау бөлімінде жатыр. Сондықтан медициналық аппараттың көмегінен бөлек, баланы ана сүтімен қоректендіру аса маңызды.
ВИКТОРИЯ БОЙКО, СӘБИДІҢ АНАСЫ:
— Мені үйге шығарды, бірақ ұлым Даня реанимацияда қалды. Мұнда арнайы бөлме бар екен, Мен үйде сүтімді сауып, арнайы пакетке құйып, күніне бір рет осы жерге алып келемін. Перзентхана қызметкерлері сүтті жылытып, балама береді. Сүттің сапасы бұзылмайды.
Бұл – елімізде алғаш рет ашылған ана сүті банкі жобасының жемісі. Сүт арнайы тоңазытқышта қажет температурада сақталады. «Ауыр халдегі сәбилер үшін таптырмас дәрі, ал жас аналар үшін сүт безінің қызметін сақтап, бала емізуді жалғастыру мүмкіндігі», — дейді мамандар.
ЛӘЗЗАТ ОҢАЛБАЕВА, НЕОНАТОЛОГИЯ ЖӘНЕ КАРДИОХИРУРГИЯ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
— Бұрын біз ана сүтінің орнына жасанды сүт қоспасын қолданатынбыз. Қазір барлық бала тек емшек сүтімен қоректенеді. Бұрын аналар үйіне шығарылып, ал сәбилер ұзақ уақыт реанимацияда жататын, сол себепті олардың сүті біртіндеп азайып кететін. Олар келіп, мұнда сүтін сауатын, бірақ оны сақтайтын мүмкіндік болмады. Енді біз сүт банкін құрғаннан кейін, бұл процесті қайта қолға аламыз.
Былтыр осы перинаталдық орталықта шамамен 700 бала шала туған. Дәрігерлердің айтуынша, бәріне өмірінің алғашқы сәтінен-ақ ана сүті қажет. Себебі ана сүті – жаңа туған сәби үшін ең пайдалы тағам және олардың иммунитетінің тез қалыптасуына ықпал етеді. Болашақта мұндай банктер Қазақстандағы әрбір перинаталдық орталықта ашылады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.