«Зорлық-зомбылықты тоқтатыңыз!» Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медицина қызметкерлеріне жасалып жатқан шабуылдарға байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады. Ол өзінің жеке парақшасында тек министр ретінде ғана емес, бұрынғы перзентхана мейірбикесі, балалар ауруханасының қабылдау бөлімінің дәрігері, кезекші және ординатор ретінде дәрігерлерге араша түспек болғанын жазды. «Өз балаларыңызды, ата-аналарыңызды, жақындарыңызды аман алып қалу үшін күресіп жатқан дәрігер мен мейірбикенің жан жарасын, қорланған сәтін, қорқынышын елестету мүмкін емес», – деді министр. Ол соңғы уақытта Қарағанды мен Қостанайда болған екі шабуыл оқиғасын еске ала келіп, ақ халаттыларға жұдырық ала жүгіретіндердің жиілеп кеткенін айтты. Министрдің айтуынша, медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандар үшін жазаны күшейтуге бағытталған заңнамаға өзгерістер қыркүйекте Парламентке енгізіледі.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.