Ақтөбеде кәмелетке толмаған жасөспірімді 16 адам ұрып-соғып, тонап кеткен. «Баламды студенттер мен жоғары сынып оқушылары жабылып ұрған», — дейді жәбірленушінің анасы. Оқиға былтыр болған. Бұдан кейін екі жігіт «Тонау» бабымен қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қалғандары бұзақы ретінде тергелгенімен, ешқандай жаза берілмеген. Сөйтіп, іс жылы жабылған. Ол аздай, «бала әлі күнге дейін солардан қысым көріп жүр», — дейді анасы. Мүгедек әйел төбелестен ауыр жарақат алған баласын толық медициналық көмекпен қамти алмай отыр.
Алға қаласының тұрғыны Өтебике Құрсаубаева жарты жылдан бері әділдікке қол жеткізе алмай жүр. Оның 17 жастағы ұлы былтыр қарашада соққыға жығылып, екі апта ауруханада жатқан. Анасының айтуынша, оны 16 жігіт жабылып ұрған. Онымен қоймай, телефонының паролін айтуға мәжбүрлеп, банк картасынан өз шотына ақша аударып алған. Бұл істен кейін екі адам шартты түрде сотталған. Қалған 14-іне қатысты қылмыстық іс тоқтатылған. «Неге екенін ешкім түсіндірмейді», — дейді жәбірленуші әйел.
ӨТЕБИКЕ ҚҰРСАУБАЕВА, АЛҒА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Есінен танып қалып, басынан сотрясение алған ғой. басын МРТ-ға түсірдік. Үлкен гематомалар пайда болған. Жағы да қисайып кеткен. Шайнауы да қиын болып тұр. Ол істі неге жауып тастайды? Егер 2-3 бала болғанда, менің балам қашып үлгерер еді. Олардың бәрі боқтап, балағаттап, жиналып алған сол жерде, қоршап алған, ешқайда жібермеген. Балам: «Қаша алмай қалдым», — дейді.
Өтебике Құрсаубаеваның өзі II топтағы мүгедек, эпилепсиямен ауырады. Бұрын ұстама кезінде оған баласы көмектесіп жүрген. «Енді баламды дәрігерге апарған сайын 20 мың теңге тастап кетемін», — дейді. Ал полиция қалған күдіктілерге қатысты істің «қылмыс құрамы жоқ» деп тоқтатқан.
ЕРБОЛАТ САРҚҰЛОВ, ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ:
— 2024 жылдың қарашасында Алға аудандық полиция бөлімімен қарақшылық бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілді. Тергеу біткеннен кейін сотқа жүгінді. Сотпен екі күдікті бас бостандығын шектеу бойынша сотталды. Тергеу барысында бірнеше күдіктінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бірақ олардың тарапынан қылмыстық құрам болмағандықтан, іс қысқартылды.
Алғаның 17 жастағы тұрғыны дәл осы жерде соққыға жығылған. Жақын маңдағы мектептің бейнекамерасында мұны растайтын жазбалар болуы мүмкін. Алайда мектеп өкілдері «бейнекамера жұмыс істемейді» деп қысқа қайырған. Өтебике Құрсаубаева енді әділдікке жету үшін жоғары органдарға шағымдануға бел буып отыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.