Бұзақылық бабының жазасын қатаңдату керек

Қит етсе, көшеде жұдырық жұмсап, біреудің бет-аузын көгертетін бұзақының көбейгеніне сенаторлар алаңдап отыр. Геннадий Шиповских Үкімет басшысының атына сауал жолдап, бұзақылықпен күресті күшейтуді ұсынды. Депутаттың айтуынша, ол үшін бұзақылық бабының жазасын қатаңдату керек. Себебі, орынсыз жерде жанжал шығарып, төбелесе кететіндер қатары артқан. Осыдан 15 жыл бұрын бұзақылық жасағаны үшін 26 адам сотталса, былтыр олардың саны 460-қа жеткен. Ұсақ бұзақылық тіптен көп, өткен жылы осындай 22 мың дерек тіркелген. Сенатор, әсіресе мектептегі тәртіпті күшейту керек дейді.
ГЕННАДИЙ ШИПОВСКИХ, СЕНАТ ДЕПУТАТЫ:
— Мектептердегі бұзақылық өршіп тұр. Балалар мектепке оқуға бара ма, әлде біреуді ұруға немесе төбелесуге бара ма, адам баласы түсінбейді. Бұзақылыққа қарсы күресті күшейту үшін Үкімет тарапынан нақты шаралар қабылдау қажет. Осы ретте, келесіні ұсынамыз. Бірінші, бұзақылық пен ұсақ бұзақылықтың алдын алу жөніндегі кешенді ұлттық жоспар қабылдау. Бұзақылық жасағандарға жазаны қатаңдату мәселесін, әсіресе қайталанған құқықбұзушылықтар үшін қарастыру керек.
———————————————