Бүгінде электрлі самокат діттеген жерге жетудің ыңғайлы түріне айналған. Дегенмен мұндай мобильді көліктердің қатысуымен жол апаты азаймаған. Елімізде жыл басынан қос доңғалақты құрылғылардан 90-ға жуық адам зардап шекті. 4 мың азамат жауапқа тартылды.
Самокат мінгендерге наразылық білдіруші көбейді. Шолпан Раматуллаева – солардан зардап шеккендердің бірі. Серуендеп жүргенде электрокөлік тепкен жасөспірімдер оны байқамай қағып кеткен. Қатты соққыдан әйелдің өкше сүйегі сынған. Қазір балдақпен жүреді.
ШОЛПАН РАМАТУЛЛАЕВА, ЗАРДАП ШЕГУШІ:
— Жедел жәрдем шақыртқыздым. Дәрігерлер келгенше оларды таба алмай қалдым. Рентген түсіргеннен кейін сынғаны анықталды. Гипс салды. Мәселе жауапершілікте, оны көтеру керек.
Полицейлердің мәліметінше, бұл оқиға бойынша кәмелетке толмағандардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Биыл Астанада осы көлік салдарынан 14 апат болды.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Қала көшелерінде әрі-бері сырғыған электрлі самокаттарды қазір жиі көруге болады. Көп жағдайда оны тізгіндегендер ереже сақтамайды, жоғары жылдамдықпен жүреді. Сондықтан жол оқиғалары көбейген. Бұл құрылғымен жүру жылдамдығы сағатына 6 шақырымнан аспауы керек.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін арнайы талаптар бар. Бастысы, самокат тізгініндегендер 18-ге толған болуы керек. Кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі және басында арнайы каскасы болуы міндетті. Бүгінде барлық самокаттың сәйкестендіру нөмірі бар. Ішкі істер министрлігі бұл сандарды көзге көрінетіндей, үлкейтіп жазу бастамасын көтеріп отыр. Бұл жол апатына кінәлі мобильді көлік тізігендегендерді шұғыл табуға мүмкіндік бермек.
АҚТОТЫ БОРАНОВА, ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ АҒА ИСНПЕКТОРЫ:
— Электрлі самокатты жалға беретін компаниялармен бірлесе отырып, маусым басталғалы бірнеше акция жүргізілді. Адамдар көп шоғырланған жерлерде жиналып, электросамокаттарды қолдану ережесін үйретіп, көрсетіп, олармен сұрақ-жауап ретінде қаншалықты тиімді, қауіпсіз қолдану керектігін, жеткізу жұмыстары жүргізіледі.
Қазір электрлі самокат діттеген жерге жетудің қолжетімді түріне айналғаны рас. Дегенмен, жаяу жүргіншілер үшін аса қауіпті екенін де ұмтыпаған абзал. Полицейлердің дерегінше, елімізде биыл 90-ға жуық адам электрлі самокаттан зардап шеккен. Оны тізгіндеген 4 мың азамат жауапқа тартылды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.