Абай облысында қоңыз қаптап кетті

Абай облысында соңғы екі аптада қоңыз қаптап кетті. «Қара ала, сарғыш-қызғылт түсті жәндік «нарывник» тұқымына жатады», — дейді мамандар. Жәндік жол бойындағы жасыл желекті жайпап, үйлерге дейін кіріп жатыр. Әкімдік олардың аса қауіпті емес екенін айтса да, қоңыз шағып, дәрігерге жүгінгендер бар. Сондықтан тұрғындар нақты шара қабылдауды талап етіп отыр.
Қоңыз Семей маңындағы ауылдарға тараған. Тұрғындар: «Жәндік бау-бақшаны отап кетті, адамды да шағады», — дейді. Берік Заманбек ауруханадан бүгін шықты. Жәндік денеме кенедей жабысты деп отыр.

БЕРІК ЗАМАНБЕК, ЖАРҚЫН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Балдырланып, түгел ісіп, көзім ісіп кетті. Мына көзім былай сығырайып қалды. Температура түкте болған жоқ, өне бойым қышып, бөртіп кетті. Ішім, кеудем, тамағым бәрі бөртіп кетті.

Тұрғындар қоңыздың дәл осындай түрін бұрын-соңды көрмедік деп отыр. Алты ауылда дәрігер көмегіне жүгінетін бала көбейген. Сондықтан кішкентайларды далаға шығаруға қорқамыз, — дейді көпшілік.

ГАУҺАР НҰРҒАЛИЕВА, МҰҚЫР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Бүкіл ауыл болып уайымдап отырмыз. Бау-бақшамыз өспей жатыр.
Жұрт қалың қоңызды өз бетінше улап жатыр. Бірақ азаюдың орнына, көбейіп кеткен. Ал жауапты мамандар: «Бұл жәндік қауіпті емес, сондықтан онымен тұрғындар өздері күресуі керек», — дейді.

СЕРБОЛ ҚУАНЫШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АШБ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Суреттерін көрдік, ол «шпанка» деген қоңыздар екен. Ол адамға қауіпті емес. Олар шақпайды тістейді. Тістеген кезде адамға ешқандай зиян келмейді. Бірақ кейбір адамдарда аллергия болса, соларға зиян келтіруі мүмкін. Қоңыздар көп жерде болмайды ғой, жылына бір біресе ана жерде, біресе мына жерде шығады. Соған бола бюджеттен ақша бөлінбейді ғой. Сондықтан жергілікті әкімдіктер халықтың арасында жұмыс ұйымдастыруы керек.

Демек, бұл жәндікті улауға қаражат қарастырылмаған. Сондықтан тұрғындарға қоңызбен өз бетінше күресуге тура келеді.
———————————————