Атырауда логопед, дефектолог тапшы. Соңғы жылдары бұл мамандыққа қызығушылық азайған. Мәселен, он жылда 600-дей адам ғана оқыған. Ал бұл дәл осы маман иелерінің көмегіне мұқтаж жандар үшін қиын болып тұр. Бүгінде өңірде жеті мыңдай бала ерекше білімді қажет етеді. Алайда арнайы орталық пен маманның жоқтығынан ата-аналар өзге өңірлерге баруға мәжбүр.
Қала тұрғыны Сымбат Достан қызын бір жылдан бері мектеп жасына дейінгі ерекше балалармен жұмыс істейтін орталыққа тасып жүр. Бірақ баламен айналысатын маман тапшы екенін жасырмайды.
СЫМБАТ ДОСТАН, АТА-АНА:
— Аяулым қазір «р, л» дыбыстарын жақсы толық айтады. Сөздік қоры да өзінің жас деңгейіне байланысты молайды. Нәтиже көргенімізге қуаныштымыз.
Қазір облыста ерекше балалармен жұмыс істейтін төрт орталық бар. Оған 200-ге жуық бала барады. Бір өкініштісі, соңғы бес жылда балалар арасында аутизм, тіл мүкістігі, психикалық дамудың кешеуілдеуі күрт көбейген. Мамандар бұған басты себеп – уақытында баланы дәрігерге әкелмеу деп отыр.
ГҮЛДАНА АБДУЛҒАЗЕЗҚЫЗЫ, ОРТАЛЫҚ ЖЕТЕКШІСІ:
— Ата-аналардың өзінің баласының ерекшелігін мойындамауы. Ата-ана дер кезінде баланың ерекше екенін, артта қалып келе жатқанын көргендіктен бірден дәрігерге, невропатолог маманға жолығуы керек. Көп кезде соны ата-анаға түсіндіре алмай жатырмыз.
Жастардың мамандыққа деген қызығушылығы төмен. Көбі аз жалақыға бара бермейтін көрінеді.
ҚАРАС ҚАЗИЕВ, КАФЕДРА МЕҢГЕРУШІСІ:
— Биылғы оқу жылдан бастап біз арнайы педагог мамандықтарын дайындап жатырмыз. Неге? Себебі бұл жерде тек ерекше білім берудің бағытында бір ғана логопед емес, олигофрения педагогикасы бар, сурдопедагогикасы бар, тифлопедагогикасы бар – барлық бағытта маман даярлауды қолға алып жатырмыз. Бұл өңірдің сұранысына байланысты.
Дей тұрғанымен мемлекеттен педагогика-психология, сурдоаудармашы, дефектолог, мамандықтарына грант көп бөлінеді. Алайда көбінің ынтасы болмаған соң бөлінген қаржы игерілмей жатыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.