Петропавлда тоқтаусыз жаңбыр халықты әбігерге салды

Бірнеше күн бойы толассыз жауған жауын Петропавл тұрғындарын әбден әбігерге салды. Су жеке сектордағы бірнеше баспанаға жайылып, аулаларды да басып қалған. Ал көшелер көлшікке айналды. Осыған байланысты қаладағы коммуналдық қызмет күшейтілген жұмыс кестесіне көшті.
Өңірде тасқынның беті қайтқаны сол еді, тоқтаусыз жауған жаңбырдан қауіп күшейді. Суағарлармен кәріз құбырлары лық толып, су жан-жаққа жайылуда. Әсіресе жеке секторда тұратын халықтан маза кетті. Александр Сидоровтың баспанасыда кешеден бері суда тұр.
АЛЕКСАНДР СИДОРОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Тоңазытқыш, теледидар, жұмыс істейтін станоктарым суда қалды. Әзір тоққа қосқан жоқпын. Үйдегі жиhаз бүлінді. Қазір пеш жағып, барлығын кептіріп жатырмын.
Береке шағын ауданында да осындай жағдай. Суағар болмаған соң, мұндағы көше көлшікке айналған. Халық қалада тұрса да резеңке етікпен батпақ кешіп жүр.
ТҰРАР РИЖАПОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Міне жолды өздеріңіз көріп тұрсыздар. Су, жаңбыр жауған сайын бізде осындай үлкен проблема болып жатыр. Мен қазір үйіме қалай жетем? Үйіме кіре алмаймын. Жол атымен жоқ.
АМАНЖОЛ ОМАРОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Жедел жәрдем шақырсақ, кіре алмайды. Мына жақтан қайта кетеді. Такси шақырсаң, үйді таба алмайды. Өте алмаймыз дейді. Өте қиын жағдай.
Соңғы біренеше күнде облыс орталығында 60 мм-ден астам жаңбыр жауған. Синоптиктердің айтуынша, бұл – жауынның екі айлық мөлшері. Ал «IKomek» қызметіне тұрғындардан 30-ға тарта қоңырау түскен.
ӘСЕМ АУТУЛОВА, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— «Копай» ауданында бірнеше үйге су кіру фактілері тіркелген болатын. Айта кету керек, бұл үйлердің барлығы – сүрілетін үйлер. Ол жерде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда үйлердің иелерімен сөйлесіп жатырмыз. Өздерінің ескі үйлерінің орнына жаңа баспана алады, конпенсация беріледі.
Жалпы нөсер жауын коммуналдық қызметті аяғынан тік тұрғызды. Олар күндіз – түні еңбек етуде. Шаhарда су сорғыту жұмысына 100-ден астам адам, 20 техника және 70 мотопомпа жұмылдырылды.
———————————————