Әне-міне дегенше, кезекті оқу жылы аяқталуға жақын. Алда – қорытынды бағалар, соңғы қоңырау. Ал 11-сынып оқушылары үшін өмірдің жаңа белесі басталғалы тұр. Биыл еліміз бойынша 4 миллионға жуық оқушы жылдық оқу қорытындысын шығарады. Ал 217 мың түлек мектеппен қоштасып үлкен өмірге аяқ басады.
Оқу жылы аяқталуға жақын. Бұл мектеп түлектері үшін толғаныс пен таңдау сәтінің жақындағанының белгісі. Себебі алда ҰБТ. Болашақ мамандығына жол салар емтихан жақындаған сайын дайындық та күшейе түсуде. Бірі курсқа барады, бірі түн ұйқысын қиып оқиды.
ЖҰЛДЫЗ ҚАЙНОЛЛА, ОҚУШЫ:
— Негізінде мен ҰБТ-да дүниежүзі тарихы және ағылшын тілін таңдаған едім. Оның негізгі себебі мен 5-сыныптан бері ағылшын тілін жүйелі түрде оқып, тіпті 10-сыныпта IELTS емтиханын тапсырған едім. 11-сынып бойы Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық және негізгі пәнім – дүниежүзі тарихына толық көңілімді бөле алдым.
ҚҰРАЛАЙ ҚАЗЫБЕКОВА, ОҚУШЫ:
— Мен күнде курсқа барамын. Курста күнде тест жасап, тоқыған ілімімізді қайталаймыз.
Бүгінгі түлектер – технология дәуірінің өкілдері. Түрлі платформадан білімін жетілдіруге мүмкіндігі мол. Енді бұл қатарға жасанды интеллект қосылды. Yandex Qazaqstan мен Kundelik платформасы бірігіп, жуырда оқушыларға арналған жасанды интеллектісі бар браузерді іске қосты. Ол арқылы қолданушылар кез келген пәнге дайындала алады. Мәселен, математика бойынша жасанды интеллект негізіндегі көмекші қарастырылған. НейроІздеумен сұрақтардың жауабын жылдам тауып, түрлі мақала мен сайтты, сондай-ақ видеоларды қазақ және орыс тілдеріне аудара алады.
БАҒДАТ ҚАРАЖІГІТОВА, МЕКТЕП МҰҒАЛІМІ:
— Қазіргі таңда оқушылар көбіне кітап оқығаннан гөрі жеңіл түрде тест жаттап оқығанды жақсы көреді.
Биылғы ҰБТ еліміз бойынша 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өтеді. Түлектер үш міндетті және екі бейіндік пән бойынша тест тапсырады. Оның нәтижелері бірнеше күн ішінде жарияланады. Ең бастысы, оқушыда мақсат, жанында қолдау, ал қолында тиімді құрал болса – бұл сынақтан да сүрінбей өтері сөзсіз.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.