Қаңғыбастар зиратына жерленген азаматтың туыстары сотта жеңіп шықты

Ақтөбеде ешкімі жоқ, тұл жетім ретінде қаңғыбастар зиратына жерленген азаматтың туыстары табылып, сотта жеңіп шықты. Ал бұл іске салғырт қараған полиция өкілдері қызметінен кетіп, моральдық өтемақы төлейтін болды. Былтыр 51 жастағы тұрғын із-түзсіз жоғалып кеткен. Туыстары іздеп таппаған. Артынан белгілі болғандай, тәртіп сақшылары марқұмның денесін Қарғалы өзенінен тауып алып, екі жарым айдан кейін қаңғыбастар зиратына жерлеген. Тергеу барысында жауапты мамандардың марқұмның туыстарын іздеуге әрекет етпегені анықталды.
ЖАНСАЯ ҚАЙЫРОВА, ОБЛЫСТЫҚ СОТЫ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Талап қоюшылар жауапкерлердің әрқайсысынан 2 миллион теңге көлемінде моральдық зиян ретінде өтемақы өндіруді сұраған. Соттың шешімімен Ақтөбе облыстық полиция департаментінің әр талап қоюшының пайдасына 300 мың теңгеден өндірді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
———————————————