Петропавлда үй құрылысына миллиондаған қаражатын салып, бірнеше жылдан бері пәтеріне кіре алмай жүрген үлескерлер шу шығарды. Айтуларынша, құрылыс компаниясымен тапсырыс беруші арасындағы келіспеушіліктің зардабын қазір халық тартып отыр. 150-ге жуық отбасы көптен күткен пәтерден, болмаса ақшамыздан қағыламыз ба деп алаңдаулы. Сондықтан олар бұл іске жергілікті билік өкілдерінің араласуын сұрайды.
Бірнеше жылдан бері баспанасына кіре алмай жүрген жанның бірі – зейнеткер Роза Мұқышева. Ол құрылыс басталған кезде еш ойланбастан жер үйін сатып, ақшасын тұтас төлеп қойған. Ал қазір өзі жалдамалы баспанада тұрып жатыр.
РОЗА МҰҚЫШЕВА, ҮЛЕСКЕР:
— Жолдасым екеуміз бір бөлмелі пәтерді паркингпен бірге сатып алайық деп 22 миллион теңге бердік. Міне екі жыл болды, даулап жүрміз. Осы уақыт аралығында жалдамалы үйдің өзіне 2 миллион төлеп қойдық. Жасым болса 67-ге келді. Тірі кезімде өз баспанама көшкім келеді.
Қаланың қақ ортасындағы 18 қабатты екі үйдің құрылысы 2021 жылы басталды. 150-ге тарта отбасы 4 милилард теңгеден астам қаржы құйған нысан бір жарым жылдан кейін қолданысқа берілуі тиіс еді. Алайда баспаналы боламыз деп жиған-тергенін үлеске салғандардың көбі құзырлы органдардың босағасын сағалап жүр.
ОЛЬГА ВОЛКОВА – ҮЛЕСКЕР
— Прокуратураға бардық. Ондағылар бұл азаматтық-құқықтық қатынас болғандықтан, іске араласа алмайтындарын жеткізді. Бұл үйді салып жатқандардың қалада бірнеше бизнесі бар. Сондықтан билік осы мәселеге назар аударса дейміз.
Үйлерді салу үшін тапсырыс беруші мердігерге қаражаттың 92% төлеп қойған. Дегенмен құрылыс материалының қымбаттауына байланысты екеу арасында дау туындап, іс сотқа жеткен. Процесс әлі жалғасуда. Салдарынан жұмыс тұралап, халық сан соғып қалды. Жауаптылардың сөзінше шаруаны біржола аяқтау үшін тағы 700 миллион теңге қажет.
ВЛАДИМИР БОГДАНОВ, ТАПСЫРЫС БЕРУШІ:
— Үлескерлердің әрқайсысы 5-6 миллион теңгеден бізге жинап берсе деймін. Кейін сотты жеңсек, бұл қаражатты мен қайтарып беруге тырысамын. Ал ұтылып қалған жағдайда басқа жағын ойластыруға тура келеді.
Баспанасын даулаған халықтың проблемасы нақты қашан шешілетіні белгісіз. Сондықтан маңдай тер, табанақымен тапқан табысын салған үлескерлер жергілікті биліктен көмек сұрайды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.