Қызылорда облысында жер қорының 85% тұзданған

Қызылорда облысында жер қорының 85 пайызы тұзданған. Ал құнарлы қарашірік мөлшері 1% да төмен. Бұл топырақтың шын мәнінде «өлі күйге» айналып, шөлейттену аймағы үздіксіз ұлғайып жатқанын көрсетеді. Сыр өңірінің экологтары осылайша дабыл қағып отыр. Табиғи тепе-теңдік бұзылу салдарынан Арал теңізі маңындағы елді мекендерде құм көшкіні жиі болады.
БҰҰ мәліметі бойынша, жыл сайын 75 миллион тоннаға дейін тұзды шаң атмосфераға көтеріледі. Соның салдарынан Арал, Қазалы және Қармақшы ауданының бірнеше ауылына құм астында қалу қаупі төніп тұр. «Қазгидромет» мамандарының болжауынша, алдағы жылдары жауын-шашын мөлшері азайып, аймақты құрғақшылық жайлайды. Бұл экологиялық дағдарысқа әкелуі мүмкін. Сондықтан өңірде деградацияға ұшыраған жерлердің электронды картасы жасақталып, шөлейттенуге қарсы әрекет қолға алынып жатыр.
АЙБЕК ЖОЛАҚАНОВ, ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Арал теңізінің тартылуы салдарынан 2 млн 800 мың га қосымша Арал маңы шөлі шығып жатыр. Құмды тоқтатудың тәсілі бар. Ол – сексеуіл, басқа да ағаштарды отырғызу арқылы тоқтату. Елді мекендер мәселесін мүмкін шетелдік қаржылық ұйымдардың қаржысына шешуге болады.

НҰРБЕК ДӘУРЕНБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕСІ:
— Су тапшылығы мәселесі де ушығып тұр. Суармалы жерлердің 40-80% тұзданып, батпақтанып жатыр. Сырдарияның төменгі ағысында орналасқан аймақ ретінде Қызылорда жыл сайын вегетациялық кезеңде су тапшылығына тап болады. Бұл ауыл шаруашылығының өнімділігне тікелей соққы. Бүгін сараптама тобын шақырып, шөлейттенуге қатысты мәселені ортаға салдық. Жергілікті билікке және Парламент депутаттарына ұсынамыз.
———————————————