Еліміздің солтүстігінде мектеп оқушысынан туберкулездің ашық формасы анықталды. Індетті Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты Новоишимка орта мектебінің 6-сынып оқушысы жұқтырған. Қазір ауылда науқаспен байланыста болған мыңнан астам адамды санитарлық дәрігерлер бақылауға алды. Мамандардың сөзінше, бала осыдан 3 жыл бұрын осы кеселмен ауырып, толық емделген. Бірақ биыл кеселге қайта шалдыққан. Аталған фактіге байланысты ғимаратта дезинфекциялық шаралар жүргізілді. Ал науқас облыстық фтизиопульмонологиялық орталыққа жатқызылды. Қазір ол ем алып жатыр. Жағдайы қалыпты. Өңірде жыл басынан бері екі оқушы туберкулезге шалдыққан.
АРМАН КҮШБАСОВ, ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БД БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Науқастың үйі сондай-ақ мектепте 3 мың шаршы метр аумақ зарарсыздандырылды. Аудандық ауруханада онымен байланыста болғандар тексеріліп жатыр. Бүгінде 17 сыныптасына манту сынамасы қойылды. Үш күннен кейін нәтижесі белгілі болады. Жалпы, қарым-қатныста болғандардың барлығы медициналық тексерістен өтеді.
АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Қауіпсіздік шаралары жасалып жатыр. Мұғалімдер, оқушылар, техникалық персонал тексерістен өтіп жатыр. Сабақтар бір кабинетте өтіп жатыр. Жалпы барлық шара жасалған. Бүгінгі күні балаларды қашықтан оқытуға ауыстыруға үшін негіз жоқ.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.