13 жастағы бала бүкіл ауданды үрейде ұстап отыр

Алматыда 13 жастағы бала тұтас бір ауданды үрейде ұстап отыр. Жасөспірім көршінің балаларын ұрып-соғады, ересектерге қоқан-лоқы көрсетеді, ал өзінен кіші бауырларын бұзақылыққа итермелейді. Тентек баланы тіпті туған-туысы тәртіпке сала алмай отыр. Әжесімен бірге тұратын жеткіншек оны «өлтірем» деп қорқытады екен. Жергілікті тұрғындар полиция мен қамқоршылық органдарына бірнеше рет шағымданған. «Алайда жауапты мекемелер еш әрекет етпей отыр», — дейді бұзақы баланың көршілері.
Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, елде құқық бұзушылық жасауға бейім жасөспірімдер арасында 1500-ден астам бейресми лидер бар. Бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын 6 мыңнан астам ата-ана есепке алынған.
Бұл кадрларда 10 жастағы Ульяна көршісіне баллоннан газ шашып жатыр. «Шаш, шаш» деп отқа май құйып тұрған – 13 жастағы Саша. Көршілері қорқатын бала – осы Саша. Ол көпқабатты жатақхананың бүкіл тұрғынын үрейде ұстап отыр. Жеткіншек терезелерді сындырып, көршілердің техникасын қиратады, балалар мен өз әжесін ұрып-соғады.
ӘСЕМ ЖАМАНҚҰЛОВА, АЛМАТЫ ТҰРҒЫНЫ:
— Біздің көршілерден солардан қорлық көрмегені жоқ. Бәрін қорқытып тастаған. Менің ұлым дүкенге шығуға қорқады. Айтпағанды айтады, қорқытады. Бұл балалардан құтылу керек. Олар мектепке бармайды. Ешкімді тыңдамайды. Апасын ұрады, мамасын ұрады. Алдында туған қарындасының басына пышақ қадады.
«Небәрі 13 жастағы Сашаның істеген бұзақылығы аз емес», — дейді көршілері. Мектепке бармайды, күндіз-түні көше кезеді. Ол және тағы үш бауыры әжесі Оксана Мирошниковамен бірге тұрады. Бесеуі 18 шаршы метрлік бір бөлмелі жатақханада өмір сүріп жатыр. Қария бұған қиналып отырған жоқ. Кейуананың көңілін түсіретіні – баланың қатыгез мінезі. Әжейдің айтуынша, немересі оны жиі соққыға жығады, анасы бұған рұқсат берген. Кіші балалар Сашадан қорқып, айтқанын бұлжытпай орындайды.

ОКСАНА МИРОШНИКОВА – САШАНЫҢ ӘЖЕСІ:
— Көз алдымда тас алып, терезені сындырады. Оған ештеңе істей алмаймын, себебі екінші таспен басымды жарып жібереді. Бірде қазанмен ұрды, басымды тікті, бірде жылытқышпен, ноутбукпен бәрін талқандады. Бүгін мені өлтіріп те қояр, үйге қалай баратынымды білмеймін.
ЛИЛИЯ НАЗМИЕВА – АЛМАТЫ ТҰРҒЫНЫ:
— Қызы өз ұлына, осы 13 жастағы балаға әжесін ұруды үйретеді. «Ұр, балам! Саған ештеңе болмайды, жасың – 13-те ғана», — дейді. Содан соң, әжесін ұрады, әрине. Біз полицияны да, жедел жәрдемді де шақырдық. Дәрігерлер әженің басындағы жарақатын тікті.

Оксананың қызы – 32 жастағы Элинаның бес баласы бар. Көршілердің айтуынша, олардың әкелері бөлек. Үлкен қызы – 17 жаста, бөлек тұрады. Ал қалған төртеуі әжесінің қамқорлығында. «Балаларды асырауға жағдайы жоқ», — дейді Оксана. Қызынан еш көмек жоқ, өзі көпбалалы ана ретінде алатын жәрдемақы мен алиментке күнелтіп отыр. Қамқоршылық органдары бұл отбасындағы қиын жағдайдан хабардар. Ақпарат сотқа жолданып, қазір жас ананы ата-ана құқығынан айыру мәселесі қаралып жатыр. Сот шешімінен кейін 13 жастағы Саша мен 10 жастағы Ульяна арнайы орталыққа жіберілуі мүмкін. Балалардың анасы осыны сұраған. Ал кішілері, шамасы, әжесінің қарауында қалады.

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Өте қолайсыз отбасы десек болады. Өйткені спиттік ішімдіктер ішіледі. Баланың тәрбиесіне аса назар аударылмайды. Ең үлкен ұлы қазір полицияның ерекше есебінде. Барлық құзырлы орган, сондай-ақ, психологтар мен мұғалімдер қосылып, осы отбасыны ерекше бақылауға алды. Іс материалдары сотқа жөнелтілді.
Балалардың тағдыры шешілгенше, қария мен көрші-қолаңның күні бұзақы бала тағы не істеп қояр екен деген қауіппен өтіп жатыр.
———————————————