Астанада киберспорт додасы – PGL Astana 2025 басталды

Астанадағы «Барыс Аренада» әлемдік деңгейдегі киберспорт додасы – PGL Astana 2025 турнирінің плей-офф кезеңі басталды. Counter-Strike 2 ойыны бойынша өтіп жатқан бұл жарысқа әлемнің үздік 8 ұжымы өзара мықтыны анықтап жатыр. Турнирдің жалпы жүлде қоры 1 миллион 250 мың доллар. Жеңімпаз команда 425 мың долларды қанжығасына байлайды. Киберспорт федерациясы өкілдерінің айтуынша, мұндай турнир еліміздің беделін арттырып, Қазақстанды халықаралық киберспорт картасында маңызды ойыншы ретінде көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жергілікті ойыншылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
ӘЛИНҰР МИРАСОВ, КИБЕРСПОРТ ЖАНКҮЙЕРІ:
— Қазақтардың виртуалды ойындарға бейімі өте жоғары. Әсіресе, Counter-Strike ойынына. Бұл тек мінезі мен жауынгерлік рухына байланысты емес, жалпы алғанда бұл ойын бізге жақсы сіңеді. Мен Қазақстанда талантты ойыншылар өте көп екеніне сенемін.»
ЕСКЕНДІР СЕРҒАЛИЕВ, КИБЕРСПОРТ ЖАНКҮЙЕРІ:
— PGL Astana 2025 турнирі тек Қазақстан үшін емес, бүкіл ТМД аймағы үшін маңызды. Мұндай ауқымдағы жарыстар көптен бері болған жоқ. Бұл – барлық көрермен мен жанкүйер үшін нағыз сый. Мұнда келіп, сүйікті командаларына жанкүйер болу – үлкен мүмкіндік.
———————————————