Шарм-эль-Шейх әуежайында қазақстандық қайтыс болды

Мысырдағы қайғылы оқиға. Шарм-эль-Шейх әуежайында жарнама қалқаны құлап, бір қазақстандық қайтыс болды. Тағы бірнешеуі ауыр жарақат алды. Туристердің қауіпсіздігіне кім жауап береді?
АЙГҮЛ ӘЛІМБАЕВА, ЗАРДАП ШЕГУШІ:
— Жарнамалық тақта менің анам және әлгі жолаушы әйел отырған орындыққа құлады. Мен есеңгіреп қалдым. «Анамнан айырылдым» деген жаман ой келді.

Зардап шеккендердің бірі – Айгүл Әлімбаева оқиғадан кейін әлі де есін жия алмай жүр. Шарм-эль-Шейх әуежайында анасымен бірге Астанаға рейстерін күтіп отырған. Алайда ажал айтып келмейді. Қас қағым сәтте оның анасына және тағы бір жолаушының үстіне ауыр жарнама қалқаны құлайды. Айгүлдің анасы аман қалады. Алайда қазақстандық жолаушы Ақмарал Мұқанова үшін бұл өміріндегі соңғы сапар болды.

ВЕНЕРА ЫСҚАҚОВА, МАРҚҰМНЫҢ ҚҰРБЫСЫ:
— Ол әрқашан да саяхаттағанды жақсы көреді. Египетке келіп, қайғылы жағдайға душар болып отыр. Бала жасы 22 де бар болғаны. Елшіліктен, Үкіметтен көмек күтеміз.

Ақмарал Мұқанова ұзақ жыл ішкі істер органдарында қызмет еткен. Әріптестері марқұмның мейірімді, өз ісіне адал болғанын айтады.

ЕРБОЛАТ САРҚҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
— Ақмарал Өтегенқызы мейіріміді жүректі, талапты. Өз ісіне адал адам ретінде танимыз. Ол кісі өзінің адалдығымен, тәртіптілігімен, сабырлы мінезімен көпке үлгі бола білді.

Қазір әлеуметтік желіде жазатайым оқиғаға қатысты түрлі қауесет тарап жатыр. Желі қолданушыларының кейбіреуі «қазақстандық туристер бастаған төбелестің кесірінен жарнама қалқаны құлады» деген пікір қалдыруда. Бірақ бұл ақпарат еш шындыққа жанаспайтынын айтады куәгерлер.

СЕРІК ТОҚТАМЫСОВ, КУӘГЕР:
— Өзіміздің рейсімізді күтіп отырған кезде арт жақтағы орындықтарда отырған жолаушылардың үстіне жарнамалық тақта құлап, бәріміз есеңгіреп қалдық. Не болғанын бірден түсінбедік. Біз дереу ауыр затты көтеруге асықтық. Оның астында қалған жолаушыларды тезірек құтқарғымыз келді.

МАКСИМ НИКИФОРОВ, КУӘГЕР:
— Әуежай қызметкері қазақстандық жолаушының төлқұжатын алып қойды, мен оны тоқтатып, құжатты қайтаруды талап еттім. Ешқандай төбелес болған жоқ. Олардың біздің құжатты алуға еш құқығы жоқ екенін айттым. Кейін төлқұжатты қолымызға берді.

ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Сыртқы істер минитсрлігі мерт болған қазақстандық азаматшаның туыстарымен байланыс орнатылып, барлық қажетті көмек көрсетіліп жатқанын мәлімдеді. Мысырдың Азаматтық авиация министрі дереу оқиға орнына арнайы комиссия жіберілгенін хабарлады. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Қазақстан елшілігі де бұл істі ерекше бақылауда ұстап отыр.

Марқұмның денесі қазір Мысыр елінде. Тергеу амалдары аяқталғанан кейін Қазақстанға жеткізіледі.
———————————————