Астанадағы Gasyr Foundation оқу орталығы жабылып қалды

Астанада 200-ден аса оқушы тәлім алып келген Gasyr Foundation оқу орталығы жабылып қалды. «Әлемдегі 20 жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік береміз» деген білім ошағының басшыларын қазір ата-аналар сабылып іздеп жүр. Баласының болашағы үшін қалтасындағы қаражатын аямаған олар жарнамасы жер жарған мекемеге миллиондап ақша салған. Бірақ орталық ұсынған қызметті көрсетпей, ескертпестен жұмыс орындарын тастай қашқан.
Жарнамасына сенсек, бұл орталық оқушыларды аса беделді шетел университеттеріне түсуге әзірлеуге тиіс. Бірнеше шет тілін қатар оқытып, жоғарғы оқу орнына түсуге дейін ілесіп жүріп, баланың болашағына зор мүмкіндік береді. Ата-анаға да керегі осы. Кәдімгі мектептегі сабағынан кейін білімін осында жалғастыруға жағдай жасаған. Тіпті орталыққа екі баласын жетектеп келгендер бар.

АЙНАГҮЛ НҰРМАҒАНБЕТОВА, ОҚУШЫНЫҢ АНАСЫ:
— Бірінші ұлыма 1 миллион 800 мың теңге төлеп, осы орталыққа келген болатынбыз. Сосын күнде-күнде барып оқып жүрді. Барлығы жақсы болды. Содан кейін наурыз кезінде екінші ұлымды алып барып, кеңес алдық. Сосын 1 млн 600 мың теңге жеңілдік жасап берді. Бірден сол жерде төледік. Сонда екі балаға 3 млн 300 мың теңге төлеп отырмыз.

БАХЫТ КҮДЕРБЕКОВА, ОҚУШЫНЫҢ АНАСЫ:
— Бас директордың өзіне шықтым. Ұялы телефонына жаздым. Ол: «Енді маған хабарласпа. Мен директор емеспін. Салтанаттан сұра», — деп айтты. Салтанат мүлдем телефон көтермейді. Жұмыс орындарында жоқ. Күзде емтихан тапсыруымыз керек болатын. Олар келісілген қызметті толық көрсетпеді. Ақшамызды қайтарсын.

Ақшамызды қайтарсын деген ата-аналар орталық жалға алған ғимаратқа күнде келеді. Ал «сабақ болмайды» дегенді телефондағы ортақ чатқа жаза салған. Содан бері басшылары да, оқытушылары да үшті күйлі жоқ.

АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— 200-ден аса балаға сапалы білім беру міндетін алған орталық осыдан бірнеше күн жабылып қалыпты. Тіпті қазір полиция есігін мөрлеп тастаған. Ал миллиондап ақша төлеген ата-аналар оның қожайындарын таба алмай зар илеп жүр.

Ата-аналардың қолдарында келісімшарттары да бар. Бірақ барлығында емес. Олар оқу орталығында лицензия болмағанын енді естіп-біліпті. Сондықтан полицияға шағым түсірген.

«200-ден аса ата-ана жұртты алдап кеткен орталық басшылары заң алдында жауап беріп, төлеген теңгемізді қайтарсын», — дейді. Ал сол мекемеге 15 кабинетті жалға берген ғимарат иесі де 6 млн теңгені төлемей кеткенін айтады.
———————————————