Тасқын салдарын жоюмен айналысқан компания қаржысын ала алмай жүр

Солтүстік Қазақстан облысында былтырғы тасқын салдарын жоюмен айналысқан сегіз компания өздеріне тиесілі қаржыны ала алмай жүр. Өңір бойынша әкімдіктегілер қарызы 300 млн теңгеге жуықтаған. Өткен жылы мердігерлер Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданында апаттық үйлерді сүріп, айналаны күл-қоқыстан тазартқан. Жұмыс бір айда аяқталып, әкімдік өкілдері жұмысты қабылдап алған. Алайда ақыны өндіре алмапты.
ӘСЕЛ БІРІМЖАНОВА, МЕДІГЕР КОМПАНИЯНЫҢ ӨКІЛІ:
— Мәселе шешімін таппаған соң, сотқа дейінгі талап-арыз беретінімізді айттық. Сол кезде әкімдіктегілер: «Кепілдік беріп, бізбен есеп айырысамыз», — деді. Міне, осылай жүргенімізге жарты жылдан асты.

АСХАТ БӘКЕЕВ, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Аудандық бюджеттен ақша болмаған соң, уақытында төлем жасай алмадық. Сондықтан тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөліміндегілер өтінімді қайта жібереді. Бәрі жақсы болса, мердігерлердің барлығы бірінші жартыжылдықта өздеріне тиесілі қаржыны алады.
———————————————