9 мамырда Ұлы Жеңіске 80 жыл болады. Сұрапыл соғыста талай қазақстандық ерлікпен шайқасып, ел есінде қалды. Көзсіз ерлігі үшін 103 қазақ азаматы Кеңес Одағының батыры атағын алды. Алыстаған сайын биіктейтін тау секілді, сол батырлар бүгінде аты аңызға айналды. Ерліктің дастаны болған өр тұлғалар туралы үзік сыр.
Қазақ тарихында рухани көшбасшы, батыр тұлғалардың орны ерекше. Солардың бірі – Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы және жазушы Бауыржан Момышұлы. Ол өзінің ерлігімен ғана емес, ұлттық патриотизмді дәріптеуімен, қазақ руханиятын нығайтуға қосқан үлесімен танылды. Мәскеу шайқасының қаһарманы батырлық дәстүрді жаңғыртып, келер ұрпаққа ұлттық рухтың биік үлгісін көрсеттті. Оның өмір жолы елдің басына ауыр күн туған кезеңде басталды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ол Мәскеуді қорғау шайқасында жаужүрек қолбасшы ретінде танылды. Кеңес әскерінің қатарында жүріп, тактикалық шеберлігі мен қайсар мінезі арқылы үздік қолбасшыға айналды.
Сағадат Нұрмағамбетов 1924 жылы Ақмола облысы Ақкөл ауданы Қосым ауылында туған. 1942 жылы 18 жасында кеңес әскерінің қатарына қабылданып, Түрікменстанда пулеметшiлер дайындайтын училищенi үздiк аяқтайды. Кейін взвод командирi ретiнде майдан шебiне аттанады. Кубань, Дон, Молдавия жерлерiнде, Одер, Шпрее өзендерiнiң бойында жан алысып, жан беріскен шайқастарға қатысады. Нұрмағамбетов Польша жерiнде жау қорғанысын бұзып өту кезiндегi жауынгерлiк тапсырманы ержүректiлiкпен орындайды. 1945 жылы Сағадат Нұрмағамбетовке Кеңес одағының батыр атағы беріледі. Ол – Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы.
Сергей Данилович Луганский – Екінші дүниежүзілік соғыста ерекше көзге түскен қазақстандық әскери ұшқыш, Кеңес Одағының екі мәрте батыры. Ол әуе шайқастарында теңдессіз ерлік жасап, жаудың ондаған ұшағын жойған даңқты ұшқыш. Бір кездері ол атақты ұшқыш Талғат Бигелдинов мінген Ил-2 штурмовигін жау истребительдерінің шабуылынан құтқарып қалғаны айтылады. Осындай қайсарлығы үшін майдандастары оны «әуе шайқасының шебері, фашист сұңқарларының қаһары» деп атаған деседі. Шындығында, Луганский ұрыс даласында 390 жауынгерлік ұшу жасап, жаудың 37 ұшағын жеке өзі атып түсірген.
30 сәуір – Рақымжан Қошқарбаев Рейхстагқа ту тіккен күн. Бірақ бұл ерлігі көп жыл бойы еленбей келді. Ресейдің Әскери тарих институты 1-і Беларус майданындағы 150-ші атқыштар дивизиясының лейтенанты Рақымжан Қошқарбаевтың және Григорий Булатовтың 1945 жылдың 30 сәуірінде Рейхстагқа ту тіккені туралы тарихи оқиғаны 2007 жылы ресми түрде растады. Батырға тәуелсіздік алғаннан кейін, 1999 жылы Президент Жарлығымен Қазақстанның «Халық қаһарманы» атағы берілді. Қошқарбаев Ақмола облысының Целиноград ауданында туған.
Мәлік Ғабдуллин 1941 жылы майданға аттанған. Ол генерал Панфилов бастаған даңқты 8-гвардия дивизиясы құрамында соғысқа қатысқан. Ұрыс алаңында 45-батареяның саяси жетекшісі болып бекітіледі, Кейін 2-атқыштар батальонының комиссары, полк үгітшісі Мәскеу іргесіндегі шайқаста қаһармандықтың асқан үлгісін көрсетеді. 7 сағатқа созылған алапат ұрыста аса шеберлік танытқан. Ширяево, Рыбушка, Ново-Свинухово, Старая Русса жерінде болған кескілескен шайқастарда ерлік көрсеткен.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.